Ортағасырлық Сауран қала жұртындағы зерттеулер (2005, тамыз)
Ортағасырлық Қазақстанның маңызды қалаларының бірі - Сауранның өткен тарихы Оңтүстік Қазақстан облысы Түркістан ауданында орналасқан Қаратөбе (б.д. І мыңжылдығының ортасы - XIV ғ. бірінші жартысы) және Сауран (XIV-XVIII ғғ.) қала жұрттарының қирандылары мен мәдени қабаттарында сақталған. Бастапқы археологиялық зерттеулер нәтижесінде бірнеше көкейкесті сұрақтарға жауап алынып, мұражай кешенін құруға арналған және болашақта іске асырылатын кең ауқымды жұмыстардың жоспары құрылды.
Жүргізіліп жатқан археологиялық зерттеулер қала орталығындағы аланда орналасқан нысандарда шоғырланған. №1, 2, 3 қазбалардың мақсаты - кезінде «Сауран Регистанын» құраған зәулім қоғамдық ғимараттарды зерттеу болып табылады. №4 қазбаның мақсаты - шахристан дуалынан шығысқа қарай орналасқан қала зиратының маңында орын алған, қала сыртындағы мешіттің орталық бөлігін аршу. № 5 қазбада қала маңының солтүстігіндегі үлкен бау-бақшаның ортасында тұрған, қала сыртындағы құрылыстың бөлме-жайлары аршылып жатыр.
Сауран қала жұртының солтүстік бөлігінің орта тұсында, солтүстік қақпадан екі жүз метр жерде қаланың орталық алаңының нобайы байқалады. Оның көлемі шамамен 1100x40 м. Оның маңында үлкен төбелер орналасқан. Олардың астында күйдірілген кірпіштен салынған ғимараттардың пішіндері байқалады. Алаңға солтүстік қақпадан бастау алатын магистралды көше келіп қосылады. Алаңмен қосылған жерінде көше 18 м-ге дейін кеңейеді. Осы учаскенің екі жағында бір-біріне қарама-қарсы екі үлкен қоғамдық ғимаратты №2 және 3 қазбалар аршып жатыр. Магистралды көше алаңнан шығып оңтүстікке қарай жалғасады, бұл жерде де күйдірілген кірпіштен қаланған зәулім ғимараттардың қирандылары байқалады.
№1 қазба қала алаңын СБ жауып тұрған қала мешітінің орталық (негізгі) ғимаратының қирандыларын тазалауды мақсат етіп отыр. Учаскенің микротопографиясынан қам кесектен қаланған, бөлек дуалмен қоршалған мешіт кешенінің нобайы анық байқалады. Қазба жұмыстары көрсеткендей, мешітті қоршап тұрған сыртқы дуал қам кесектен қаланған және оның сақталған биіктігі 1,25 м болып шықты. Ол мешіттің «мехрап қабырғасынан» 2 м қашықтықта орналасып, көлемі 34x42 м ауданды қоршап жатыр. Оның оңтүстік-батыста орналасқан үштен бір бөлігін мешіттің негізгі ғимараты алып жатыр. Бір айлық қазба жұмыстары барысында ғимараттың үштен екі бөлігі аршылды. Күйдірілген кірпіштен қаланған қабырғаларының қалдықтары бар ғимараттың еден деңгейі 1,3-1,5 м тереңдікте жатыр. Бұл қабат кірпіш пен ерітінді сынықтары, топырақ және шаруашылық қоқыстан тұрады. Мешіт өзінің тікелей міндеттерін атқаруын тоқтатқаннан соң, оның бөлмелері белгілі бір уақыт тұрмыстық мақсатта пайдаланылған. «Тұрмыстық іздер» оттан қалған күл іздері, уақытша ошақ пен әдетте бөлменің ортасында орналасатын қабырғалардан байқалады. Осы уақытта күйдірілген кірпішті тұрмыстық қажеттерге алу мақсатымен ғимаратты бұзу жүріп жатты. Негізгі құрылыс қаңқалары (шатыр, арка және күмбездер) құлағаннан соң, ғимараттың қирандылары жақын маңда орналасқан тұрғын үйлер мен өндірістік орындардан шыққан қоқысты төгетін орынға айналған. Қиранды арасынан керамика өндірісінің ақаулары (сепоя, күйдіру барысында ақауланған және балқып кеткен ыдыс бөліктері, шыңылтырлы керамика сынықтары) көптеп табылды. Әрлеуге қолданылған шыңылтырлы тақташалардың сынықтары сирек кездеседі және қазіргі таңда бүл олжалар осы ғимаратқа қатысты деген сұраққа сенімді түрде жауап жоқ. Қиранды арасында шатыр, күмбез, аркалардың бүтіндей бөліктері кездеседі, кірпіштер ғаныш немесе балшық ерітіндісімен бекітілген. Аталмыш бөліктер архитектуралық тіркеу үшін ашылған күйінде сақтаулы тұр.
Мешіт ғимаратының архитектуралық бөліктері жобаны қалпына келтіруге мүмкіндік бере отырып, оны екі қатарлы-бес нефті, ұстынды-аркалы қасбетті-күмбезді сәулет құрылысына жатқызуға мүмкіндік береді. Оның көлемі, алдын ала жасалған өлшемдер бойынша 12x28 м деп есептеледі. Кіре берістегі айуанның ені 6 м құрайды. Айуанның аркалары үлкен пилондарға орнатылған болса керек. Орталық есік ойығының артында мехрабы бар күмбезді төртбұрыш зал орналасқан. Өкінішке орай, мехрап орналасқан қабырға толығымен жойылып кеткен. Дегенмен, орталық залдағы үйінді арасынан құлап түскен ішкі күмбездің іргесі аршып алынды.
№2 қазба алаңның солтүстік-шығыс бұрышында орналасқан төбеде жүргізіліп жатыр. Бүл ғимарат, сірә, медресе болған. Ғимарат алып жатқан тікбұрышты учаскенің көлемі 32x42 м кем түспейді. Қазба қасбет жақта жүргізіліп, қазіргі уақытта ғимарат қолдан жасалған тұғырдың үстіне салынғандығы анықталды. Қолдан жасалған тұғырдың батыс және оңтүстік жақтары күйдірілген кірпіштен қаланған қабырғамен қоршалған. Ғимарат едендерін басып жатқан, қалыңдығы 1,5 келетін қабаттың стратиграфиясы мешітте (№1 қазба) аршылған стратиграфиямен ұқсас. Қасбеті бар орталық есік батысқа, орталық көшенің алаң алдында кеңейетін учаскеге қаратылған. Қасбет қабырғасының екі шетінде мұнара іргелері бар болса керек. Ғимараттың оңтүстік қабырғасы қала алаңына шығатын. Жұмыс барысында «қасбет маңның» анфиладасы, кіре-берістегі баспалдақтары, батыс және оңтүстік жақтар айналасында, медресенің қызмет бөлмелері орналасқан ішкі ауланың нобайы толық аршылды. Жобасы бойынша ғимарат басқа өзіне ұқсас, айналасында қызмет бөлмелері шоғырланған ішкі ауласы кең, бар ғимараттардың дәстүрлі түріне жатады.
Бөлмелерді тазалау барысында әрлеуге қолданылған шыңылтырлы тақташалар мен кірпіштер, архитектуралық қаңқаларының бөліктері және т.б. табылуда.
№3 қазба. Медресе деп жорамалдап отырған жерге қарама-қарсы басқа бір зәулім сарай кешені орналасқан. Оның алып жатқан жерінің көлемі 62x32 м. Қазба жұмыстары «медресеге» қараған және ортақ композиция құраған деп, жорамалданып отырған ғимараттың қасбет жағында басталды. Қазіргі уақытта күйдірілген кірпіштен қаланған тұғырдың шығыс және оңтүстік шеттері артылды. Қасбет қабырғасымен байланысты архитектуралық қаңқалар (қабырғаның өзі, кіре-беріс айуан, қабырғаның ішкі жағында орналасқан бөлмелер және т.б.) аршылып жатыр.
Осы ғимарат алып жатқан учаскенің микротопографиясы бүл жердегі жоба, сірә, дәстүрлі композициялық схемалардан (мысалы, учаскенің СБ бұрышында биік төбенің орналасуы) өзгеше болатындығын көрсетеді. Сондықтан аршылып жатқан ғимараттардың ішінде ең үлкен болып тұрған осы ғимараттың атқарған міндетін атап көрсету қазірге мүмкін емес.
Қазба барысында ашылған архитектуралық қаңқалар мен табылған заттардың құрамы №1 және 2 қазбалардағы дүниелерге ұқсас. Қабырғалар кейбір жерлерде 1,2 м биіктікте сақталған, ал енді басқа жерлерде қабырға мен ұстындар толығымен бұзып алынған. Шыққан дүниелер ішінде күйдірілген кірпіштің бүтіндері мен сынықтары, керамикалық тақташалардың сынықтары, тұрмыстық ыдыс-аяқтың сынықтары, жекелеген мыс теңгелер және т.б. бар.
№4 қазба. Ортағасырлық қала құралымында қала маңы территориясының рөлі маңызды болатын. Қала зиратының территориясы Сауран дуалынан солтүстікке қарай 500-700 м жерге созылып жатыр. Қамал дуалынан 50-60 м жерде, аталмыш зират территориясының оңтүстік бөлігінде, орталық қақпадан шығысқа қарай, кезінде дуалмен қоршалған тікбұрыш пішінді учаске орын алған. Солтүстік-батыс қабырғаның тұсында, солтүстік бұрышта қосалқы бөлмелердің орны байқалады. Қоршалған ауланың үйінді шоқтығынан (биіктігі 0,8 м дейін) есептегендегі көлемі 100x100 м құрайды. Оңтүстік-батыс қабырғаның орта тұсында көлемі 15x15 м төбе орналасқан. Егер бүл мехрапты құрылыстың қираңдысы болса, онда қала зираты орналасқан қала маңының СШ учаскесінің жобасына үйлесіп тұрған аталмыш аулалық құрылысты «намазгох» түріндегі қала сырты мешіті деп түсінуге болады. Өзінің параметрі бойынша бүл мешіт Қазақстанда қазіргі кезде белгілі болып отырған мешіттердің ең ірісі болып отыр.
№4 қазба ОБ қабырғаның ортасын алып жатқан төбеде жүргізілді. Қазіргі уақытта айуанды қасбеттің екі пилонының іргесі, күйдірілген төртбұрышты кірпіштен төселген еден аршылды. Негізгі іргелердің сақталуы жақсы, кейбір жерлерде 1,2 м биіктікте сақталған. Аркамен жабылған кіреберіс айуанның ені 6м, ал қасбеттің жалпы ені 12,6 м. Шығыс пилонда айналмалы сатының іргесі (үш баспалдағы) аршылды, ол, сірә, мұнараға шығатын.
Қазба №5. «Үлкен Сауран кәріз» құдықтарының тізбегі құрғап қалған кішігірім өзеннің бойымен созылып жатқан, кезінде қоршауы болған және жүзімдік пен бау-бақша өскен учаскелердің ішінде орналасқан тұрғын құрылыстар, қала маңының солтүстік бөлігінің бет-келпетін анықтайды. Осындай қоныс-жайлардың бірін зерттеу №5 қазбаның мақсаты болып отыр.
Аталмыш қоныс-жай ханака болса керек. Оның жақсы тұрған қабырғалары кейбір жерлерде 5 м биіктікте сақталған. Арасында арка, күмбездің желкенді іргесі сақталған тұстары бар. Орталық күмбезді бөлменің маңында міндеттері әртүрлі тағы басқа алты бөлме топтасқан. Олардың едендерін 0,5-0,7 м қалыңдықтағы қирандылар басып қалған. Едендерді тазалау барысында бөлме интерьерінің жаңа бөліктері ашылып, бүл ғимаратта екі құрылыс кезеңі болғандығы анықталды. Мысалы, №4 бөлменің шығыс қабырғасының бойымен орналасқан сыпада екі бөлек кезеңге жататын, үлкен екі тандыр (табанының диаметрі 1,1 м-ге дейін жетеді) орналасқан. №5 және 4 бөлмелер бастапқы уақытта есік арқылы жалғасқаны. кейіннен екінші кезеңде есік бекітіліп №4 бөлменің орталық текше ойығына айналдырылғаны анықталды.
Жалпы алғанда Ә.Х. Марғұлан атындағы археология Институтының археологиялық экспедициясы ортағасырлық Сауранның территориясында орналасқан, жобасы мен атқарған міндеттері әртүрлі келген архитектуралық зәулім ғимараттардың кең ауқымды зерттеулері жүргізіліп жатыр. Жұмыстардың мақсаты аршылған архитектуралық бөліктерді консервациялау болып отыр. Жоғары сапалы кірпіштен қаланған ғимараттар қирау және құрылыс шикізатын алу мақсатында бұзылғанмен (кейбір жерлерде кірпіштер іргетасқа дейін алынған), оларды толық аршыған соң ғимараттардың жобасын және бет-келпетін анықтауға болады. Қазба жұмыстарымен катар аршылып жатқан учаскелердің микротопографиясы түсіріліп, аман қалған құрылыстар тіркелуде. Әрбір ғимараттың салынған және өмір сүрген уақыты, олжаларды талдау мен нумизматикалық материалды анықтаудан кейін белгілі болады. Қаланың архитектуралық бет-келпетін анықтаған. зерттеліп отырған зәулім құрылыстарды қазіргі таңда XVI-XVII ғғ. жатқызып отырмыз.