Отырар қала жұртының тұрғын мәхалласын қалпына келтіру, сақтауға қою және мүражайландыру шаралары
Зерттеудің негізгі нысаны ретінде «У» және «Ф» тұрғын мәхаллары тандап алынды. 70-ші жылдары зерттелген, қам кесектен қаланған архитектураны сақтау мақсатындағы консервация шаралары жүргізілмеген. Сол себепті территориядағы бүкіл құрылыстар шайылып, үстін аздап шөп басып қалғанды. Қалпына келтіру мен сақтауға қою жұмыстары басталар алдында қатты шайылып кеткен қам кесекті құрылыстар қазылған археологиялық нысандарды құжаттау саласындағы жаңа жетістіктерді қолдана отырып аршылды.
30 жыл бойында жүргізілген археологиялық қазбалардың нәтижесінде қаланың жобалануы, архитектурасы, үйлердің интерьері, қала тұрғындарын тұрмысы мен этникалық кұрамы жайындағы негізгі сұрақтардың басы ашылған болатын. «Қала мәхалласы» деген ұғым қалыптастырылды. Бұл жерде, қала мәхалласы деп тік немесе Г тәріздес мәхалла көшесінің бір немесе екі жағында шоғырланған үйлер жиынтығы айтылады. Мәхалла кұрамына 1000-2500 шаршы метрді алып жатқан 6-16 үй-жай кіреді.
Шыңғыс пен Темір ұрпақтары арасындағы жиі болып тұрған қырқысулар кезінде тұрғын мәхаллалар мен қоғамдық құрылыстар жойылып отырды. Бірақ, бұған қарамастан тұрғын мәхаллаларды тұрғызу тәсілдері әдеттегідей болып, өзгеріссіз қапа берді. ХV-ХVІІ ғғ. Отырарда бір-бірінен бөлек тұрғызылған мәхаллалар көтеру дәстүрі жалғаса берді. Ерте ортағасырлар кезеңінде қалыптасқан магистралды көшелер торабының дәстүрі сақталды. Магистралды көшелердің бағыты ХV-ХVІІІ ғғ. дейін сақталды. Үй құрылысында, жобалау сәті мен үйдің интерьерінде алдынғы кезеңдегі дәстүрлер сақталады, бірақ кейбір жерлерде қабырғалардың 30-70 см-ге ауытқуы байқалады. Тұрғын үйдің әдеттегі жобасын сыпа, ашық ошақтар, дәнүккіштердің тұғырлары, тұрғын және шаруашылық бөлмелердегі ұралар құрайтын. Тұрғын үйдегі бөлмелер саны әр түрлі: айуаны бар бір бөлмеден бес-алты бөлмеге дейін. Үйдің орталық бөлігі - тандыр ошағы бар тұрғын бөлме. Жылдың суық маусымында ол ас даярлайтын және ішетін, ұйықтайтын орын қызметін атқарған. Әдетте кіре-беріс есіктің жанында орналасатын тандыр ошақ сыпаға орнатылатын. Әр бір тандырдың міндетті түрде бу шығаруға арналған тесіктері мен тұтқасы бар қыш қақпағы бар болатын. Тандыр оттығының алдында аумағы 7 ш.м. дейін жететін тікбұрышты ойыс жер жасалатын. Оның ортасында тесігі бар кірпішпен жабылған канализациялық кұрылғы таснауа орнатылатын. Кірпіш әдетте айқасқан сызықтармен әшекейленген. Кейбір үйлердің айуаны бар жаздық ауласы бар. Аула аумағының мөлшеріне байланысты онда жаңбыр суына арналған бір немесе екі таснауа жасалатын. Аулада жерге қазылып жасалған сопақ немесе алмұрт пішінді ошақтар орнатылатын. Үйлерде бір, екі немесе үш қамба бөлмелері бар болатын. Олардың ішінде сазбалшықтан астық, ұн сақтайтын жәшіктер жасалатын. Еденде құмыралар мен күбіжіктер тұратын; үйлердің кейбіреуінен қуыс тәрізді ұралар табылды. Тұрғын бөлмелер және қамбалардан басқа мал ұстауға арналған қашапар да бар болатын.
Археологиялық материалдар негізінде Отырарда ХV-ХVІ ғғ. аралығында үй құрылысында жергілікті ерекшеліктер пайда болады. Сыпа аумағының кеңеюі байқалады, күйдірілген кірпіш сынықтарынан төселген таснауа міндетті түрде жасалынып отырды. Сыпа шеті 4-5 қатар күйдірілген кірпіштен қаланып отырды. Қабырғаның бұрышына тікелей шығатын түтін мұржалары қысқа болатын. Олар сыпаның кішігірім учаскесін ғана жылытатын болса, Хорезмдік мұржалар тұрғын бөлмелерді толық айналып шығып, оны дерлігімен жылытып отыратын. Күйдірілген кірпіштен салынған ғимараттардың көбісі XVI ғ. қиратылғанын айта кету керек. Жергілікті тұрғындар күйдірілген кірпіштерді бұзып алып, оны тұрғын және шаруашылық құрылыстарда кеңінен қолданды. Қала жұртының орталық төбесінде таснауа алаңқайын, сыпа шетін, сондай-ақ қабырға қалағанда күйдірілген кірпіш қолданылмаған үй жоқ. «Ф» мәхалласының №13 үйіндегі қабырға қам кірпіштен қаланып, сырты күйдірілген кірпіштермен қапталған (аралас қалақ тәсілі).
«У» мәхалласы. Мәхалланың бүкіл жайлары мәхалланың ішкі көшесінің және 368 ауланың маңында топтасқан. Солтүстік-шығыс шекараның тұсындағы бөлмелердің бір бөлігі IV қазба аумағынан тыс қалған мәхалламен байланысты болса, үйлердің бір бөлігінің есіктері ендік бойымен созылып жатқан магистралды көшеге қараған. №1 үй 354,355,356, 357 бөлмелерді топтастырып тұр. Бөлменің жалпы ауданы - 21,6 ш.м. 356 бөлменің есігі көшеге қараған. 355 бөлмеде қойма жасалған. 357 бөлме қаша ретінде қолданылған: қоңырқай түсті малақ осының дәлелі. Орталық 354 тұрғын бөлмені биіктігі 40 см сыпа алып жатыр. Есік алдында күйдірілген кірпіштен төселген таснауа алаңқайы бар. №2 үй 341,342,343,344 бөлмелерден тұрады. Орталық 343 бөлмеде сары түсті қалың сылақпен сыланған сыпа мен қабырға бар. Есіктің оң жағында тандыр орналасқан. Сыпаның бір бұрышында дәнүккіштің тұғыры ретінде қолданылған қимасынан дөңгелек, сазбалшықты тумба орын алған. Бөлме бұрыштарының бірінде тереңдігі 1,8 м қуыс тәрізді ұра жасалған. Көршілес 342 бөлме амбар ретінде қолданылған. Қабырға жанында бір кірпіш қалыңдықпен қаланған, сары балшықпен сыланған қамбалар орналасқан. 344 бөлме бір бөлігі жеңіл шатырмен жабылған кішігірім аула болатын. Бөлменің есігі көшеге шығатын, осы есік арқылы 341 тұрғын бөлмеге өтетін. Есік жанында тандыр мен таснауа алаңқайы орналасқан. Өмір сүруінің кейінгі кезеңінде үйдің бөлмелері қоймаға айналдырылған.
Қазіргі таңда суреттелген бөлмелер 1976 жылғы қазба кезінде жасалған суреттемеге сәйкес келмейді. Таснауа алаңқайы мен қабырға орындары ғана сақталған. Сыпалар сақталмаған. Сақтауға қою жұмыстары негізіне 1976 жылғы жағдайдағы суреттеме алынатын болады15.
Қарастырылып отырған «У» және «Ф» мәхаллалары ХVІ-ХVІІ ғғ. құрылыс кезеңіне және одан ертерек қабаттардың жобалануына сәйкес келеді. Мұны «У» махалласындағы №1 және №2 үйлердің 335,357,356,344 және басқа да бөлмелеріндегі аман қалған қабырға орындары дәлелдейді. Сақтауға қою жұмыстары алдында аман қалған қабырғалардағы қам кірпіштердің жағдайы мен көлемін анықтау шаралары жүргізілді. Сақтауға қою шаралары бірінші кезекте «У» махалласындағы №1 және 2 үйлерде жүргізілді. Қабырғалар мұқият тазаланып, қалыңдығы мен олардың қаңқасы анықталды. Зерттеулер сыртқы қабырғалардың қалыңдығы 78-82 см, ал ішкі қабырғалардың қалыңдығы 56-58 см екендігін көрсетті. Құрылыста пайдаланылған кірпіштердің өлшемі -28x15x6,5 см. Әр бір бөлменің нақты жобасы мен атқарған қызметі анықталды.
Тұрғын мәхалла нысандарының орнын тазалау қалақтың сақталу деңгейін ескере отырып жүргізілді. Бұл деңгей абсолютті өлшемде ұсталып отырды. Қалақ біркелкі сақталмаған. Ортақ өлшем ретінде құрылыстың қабырғасы немесе іргетасы бүтіндей сақталған, бір құрылыс жобасы ретінде көрінген тұстары алынды. Қалақтың жақсы сақталған учаскелерін сақтауға қойып, ал қатты қираған бөліктерін жер бетінен едәуір биіктікке, 6 қатарға көтеруге шешім қабылданды.
Жұмыстың бірінші кезегінде алдымызда екі міндет тұрды: біріншісі - қалпына келтіріліп жатқан үйдің келбетін анықтау үшін аман қалған қаңқаларды зерттеу, екіншісі - қалпына келтіру үшін материалдар (кейіннен қалпына келтіріліп жатқан тұрғын үйлердің ішкі интерьерін қалпына келтіру және үлгі ретінде қолдану үшін құрылыстың, қалақ қалдықтарының, керамика сынықтарының, әрлеуші бөліктердің және ішкі интерьердің басқа да шынайы қалдықтарын анықтау) жинастырылды.
Сақтауға қою жұмыстарын бастар алдында қажетті шаралардың жоспары құрылды. Осы жоспар бойынша төмендегідей жұмыстар атқарылды:
1. Отырартөбе кешенімен танысу. Ескерткіш бойынша қолда бар құжаттамамен танысу және оны зерттеу.
2. «У» және «Ф» махаллаларын 2004 ж. жасалған үйіндіден тазалау.
3. Құрылыс қаңқаларының жойылған жерлерін анықтау. Бөлмелердің атқарған қызметтерін анықтау.
4. «У» және «Ф» махаллаларының үйлерін сақтауға қою және мұражайландыру жұмыстарының кезегін анықтау.
5. Археология ескерткіштерін көрмеге қоюдағы оптималды варианты ретінде, сақтауға қою шарасының бір бөлігі ретінде қалпына келтіру шараларының аясын анықтау.
6. Қалпына келтіру кезеңіне тән құрылыс қаңқалары мен материалдарды сараптау.
7. Кірпіш, сазбалшық, құм және басқа да құрылыс материалдарына арналған аланды дайындау. Қажетті құралдар мен құрылыс материалдарын сатып алу. Кірпіш, су, сазбалшық, кұм және басқа да құрылыс материалдарын қала жұртының аумағына жеткізу үшін транспорт мәселесін шешу.
8. Аман қалған құрылыс қаңқаларын (қабырғаларын, таснауа алаңқайларын, тандырлар мен мұржаларды) сақтауға қою «У» және «Ф» мәхалларының №1,2,13 тұрғын үйлерінің құрылыс қаңқаларын сақтауға қою, қалақтың бетін тазалаудан басталып, кейіннен қабырға екі жағынан қам кірпішпен жабылады. Сақтауға қою біткеннен кейін, бүкіл беткей сазбалшық, құм, органикалық қоспа, су араластырылған сылақпен сыланады. Су көлемі - 10 м3.
9. №1,2 үйлердің жойылып кеткен бөліктерін (қабырғалар, сыпалар, таснауа алаңқайлары, тандырлар, мұржалар, дәнүккіштер, қойма ұралары қалпына келтіру. Қабырғаның іздері ғана сақталған учаскелерде қабырғаны алты қатар кірпіш (бұл 54 см құрайды) биіктікке көтеру шешімі қабылданды. Көтерілген жерлер сылақпен сыланады. Сыпалар қазба материалдары негізінде қалпына келтіріледі. Сыпа биіктігі 50 см, таснауа шеттері күйдірілген кірпіштермен қаланды. Сыпа беттері бүкіл аумақ бойынша тығыздалады да сылақпен сыланады. Таснауа алаңқайларын қалпына келтіруде бүлінген кірпіштер ұқсас кірпіштермен алмастырылады.
Таснауаның қалпына келтірілген ауданы - 24 ш.м.
Қабырға қалағының көлемі - 34,8 м3.
Қабырғада сылақ жұмыстарының аумағы - 70 ш.м.
Қалпына келтірілген сыпалардың көлемі - 14,8 м3.
Сыпа бетіндегі сылақ жұмыстарының ауданы - 29 ш.м.
Сыпа бетіндегі қорғау қабатының ауданы - 29 ш.м.
Қалпына келтірілген тандырлар көлемі - 0,12 м3.
Қалпына келтірілген мұржалардың ауданы - 0,01 ш.м.
10. Қалпына келтірілген тегістіктерде (сылақ қабаты, ізбес негізіндегі арнайы сылақтар, көлденең тегістіктерде сынық кірпіштермен жауып, кейіннен сылақ қабатын жүргізу) ауа-райы эсерінен қорғап қалу шараларын ұйымдастыру.
Қорғау қабатының ауданы (күйдірілген кірпіш сынықтары) - 33 ш.м.
Қорғау қабатының ауданы (сыртқы сылақ) - 70 ш.м.
11. Сақтауға қойылған нысандарды ағын судан қорғау шаралары ұйымдастырылды.
Ішкі бөлмелердің ішінен шығарылған топырақтың көлемі - 4 м3.
12. Сыртқы қабырғаларды қорғау мақсатымен олардың үстінен үйінді үйілді. Үйінді көлемі - 8,5м3.
13. №13 үйдің бүкіл бөлмелері нысанның сақталуы мен 2006 жылғы жұмыстарға дайындау мақсатымен үйінді топырағымен жабылды. Үйінді көлемі - 10,6м3.
14. Сақтауға қойылған нысандарды аспан астындағы мұражай ретінде пайдалану.
15. Бүкіл шаралар «Жұмыс өндірісі» журналында тіркеліп, күнделікті жұмыстар жазылып отырды.
Отырартөбе жұртының «У» және «Ф» мәхаллаларын мұражайландыру келесі ұсыныстарды іске асыруды талап етеді:.
- экскурсиялық бағдарды анықтап, нысандарды көрсету жүйелігін анықтау;
- көрермен маршрутында ақпараттық тақталарды орнату;
- көрермендік нысандарды бақылау (көрсетуші жұмысын ұйымдастыру);
Сақтауға қою археологиялық ескерткіштердің жаңа өмірі, біздің мақсатымыз, Отырардың сырға толы тарихы біздің отандастарымызға және сондай-ақ, Әлем тарихына қызыққан адамдарға жеткілікті болса екен.