Қызылорда облысының тарих және мәдениет ескерткіштерінің жинағы

05.04.2022 10:27

Археологиялық барлау-зерттеу жұмыстарының барысында Қызылорда облысындағы Шиелі және Жаңақорған ауданының көнеден танымал мәдени ескерткіштері қаралған болатын.

 Аталған аудандарда жаңа археологиялық архитектуралық және этнографиялық ескерткіштер анықталып, олардың топографиялық инструменталды түсірілімі жүргізіліп, GPS навигациясы алынды. Облыстың «Ескерткіштер жинағына» мекен жайлардың мүрделері мен ғибадатханалары жайлы мақала жазылып, археологиялық ескерткіштердің сызбасы жасалынды. Архитектуралық ескерткіштер және монументалды өнер ескерткіштері жөніндегі мақалалар қазіргі таңдағы әдістемелік және мәтіндік құрылымдар мен иллюстрациялық материалдар, сызбалар мен фотосуреттер негізінде жазылған. Жобадағы өзгерістер сызбада құрылыс кезеңдерін графикалық бөлінуіне ықпал етті. Сол жерлердің нақты орны тарихи топографиясы анықталып, фотофиксациясы жүргізіліп материалдар жиналды. 3 айғы дала жұмыстары кезінде Шиелі ауданының орта темір дәуірі мен ортағасыр кезеңінің қорған және қорғандық мүрделердің 38 ескерткіші анықталып, сонымен қатар барлау жұмыстарының нәтижесінде бір ортағасырлық қалашық ме- кен-жайы мен төрт жартас бетіндегі суреттер табылды. Жалпы анықталған объектілер саны 49 ескерткіш болды (1 табл.).

Жұмыс барысында Жаңақорған ауданы- ның аумағында 68 қорған және қорғандық мүрделер, бір жартас бетіндегі сурет және бес ортағасырлық мекендер анықталды. Жалпы анықталған объектілер саны 74 ескерткішті құрайды (2 табл.).

Қызылорда облысындағы Шиелі және Жаңақорған аудандарының «Ескерткіштер жинағын» жасауда жалпы жұмыс барысында халқымыздың мәдени мұраларын тарихы мен мәдениетіне қатысты 132-ге жуық жаңа және көнеден танымал ескерткіштері анықталды.

Барлық анықталған ескерткіштерді археологиялық, архитектуралық, этнографиялық ескерткіштер деп бірнеше топқа бөлуге болады. Археологиялық ескерткіштер өз кезегінде қорғандық мүрделер (1 сурет), мекен жайлар

(1 фото), жартастағы суреттер және әр кезеңдегі қалашықтар деп бөлінеді. Ескерткіштердің хронологиялық диапазоны тас ғасыры мен этнографиялық жаңа уақытқа дейінгі аралықтағы үлкен тарихи кезенді қамтиды.

Археологиялық, этнографиялық және архитектура ескерткіштерінің саны, шамамен 132 ескерткішті құрайды. Облысымыздың архитектуралық және монументалды өнер ескерткішінің нақты жинағы, облыстың келесі кезеңдегі жинақ бойынша жүйелі жұмыстарынан кейін сарапталынады. 2004 жылы қыркүйек және қараша айларындағы Қызылорда облысының Шиелі және Жаңақорған аудандарына жүргізілген барлау жұмыстарының нәтижесінде анықталған археологиялық ескерткіштер қазіргі күні сараптаудан өтіп жатыр.

Барлау жұмыстары бойынша нақты есеп Орталықтың ғылым есебінде берілетін болады.