Сығанақ қалашығында 2021 жылы жүргізілген археологиялық зерттеу жұмыстарының нәтижелері
Сығанақ қалашығы Жаңақорған ауданы Сунақ ата ауылынан солтүстік батысқа қарай 1,5 шақырым жерде орналасқан. 2021 жылғы зерттеудің негізгі мақсаты: қалашықтың орталық бөлігінде, магистралды көшенің бойында қазба жұмыстарын жүргізу болып табылады.
Белгіленген мақсаттарға сәйкес 2021 жылы оңтүстік-шығыс қақпадан батысқа қарай 130 м жерде, оңтүстік-шығыс, солтүстік-батыс бағыты бойынша жатқан магистралды көшенің сол жақ жиегіндегі биік төбеге 40х25 м көлемінде қазба салынды.
Қазба шартты түрде №20 қазба болып белгіленді. Жүргізілген қазба жұмыстарының нәтижесінде жердің беткі қабатынан 1,3 м тереңдікке дейін қазылып, Қазақ хандығы тұсына жататын құнды деректер алынды. Сонымен қатар, екі құрылыс қабаты анықталып толық сипатталды.
Қазба барысында жердің беткі қабатынан 0,3 м тереңдіктен бірінші құрылыс қабатына жататын он үш бөлме ашылды. Бірінші құрылыс қабатына жататын құрылыс нысандардың пішіні төртбұрышты, бұрыштары дүниенің төрт тарапына бағыттала орналасқандығы анықталды. Бөлмелер бір-біріне жалғастыра квартал түрінде салынған. Бөлмелердің есігі магистралды көшені бойлай орналасқан аулаға ашылғандығы, яғни тұрғын үй бөлмелеріне аула арқылы кіретіндігі белгілі болды. Тұрғын үйлер бір немесе екі бөлмеден құралған анфиладты жоспар түрінде салынған (сурет 1). Мұндай үлгідегі тұрғын үйлерді Отырар және Түркістан қалаларының XVIII ғасырға жататын құрылыс қабаттарынан кездестіруге болады (Байпақов, 2007, с.112-118; Тұяқбаев және т.б., 2020, с.55-61). Тұрғын үй құрылысында 30х20х6 см көлеміндегі қи және сабан аралас қам кесектерді, көлемдері 27х27х6, 25х25х5, 23х23х5 см болып келетін күйдірілген кірпіштерді, тау тастары және ағаш қолданылғандығы анықталды. Сонымен қатар, зерттеу жұмыстары барысында бөлме едендерінен анықталған қамыс шірінділерін негізге ала отырып, тұрғын үй бөлмелерінің шатыры қамыс және саз балшықпен жабылған. Пайымдауымызша бөлме терезелері аулаға ашылған. Себебі бөлмелерге жарық үсті ашық аулалар арқылы жақсы түсетін болған.
Қорытындылай келе, 2021 жылы қалашықтын магистралды көшесі бойында көлемі 46х25 м келетін қазба салынып, екі мәдени қабаты ашылды. Қазба жұмыстары барысында алынған саз ыдыстарды, мыстан соғылған тиындарды және тұрғын үйлердің архитектуралық құрылымын, жоспарын негізге ала отырып, бірінші құрылыс қабатының XVIII ғасырға жататындығы анықталды. Сонымен қатар, тұрғын үй құрылысында саз, күйдірілген кірпіш, ағаш, қамыс, сабан және тас пайдаланылғандығы анықталды. Анықталған құрылыс нысандарды және табылған тарихи жәдігерлерді негізге ала отырып, аталмыш құрылыс қабатының Сығанақ қалашығының соңғы құрылыс қабаты болғандығын айтуға болады. Себебі аталмыш құрылыс қабаттан кейін, яғни XVIII ғасырдың соңында қалада тіршілік тоқтаған.