Қазақ қыстаулары бойынша Орталық Қазақстанда 2021 жылы жүргізілген археологиялық зерттеулер
2021 жылғы далалық ізденістер барысында Қарағанды облысы аумағындағы қазақ қыстауларын зерттеу екі кезеңде атқарылды. Алғашында Қарқаралы ауданы жерінде өткен барлау жұмыстары барысында Айыртас (сурет 1), Қу, Бесоба өлкелерінде орналасқан, жиыны 20 қыстаудың мәліметтері алынды. Бұдан соң, Ақтоғай ауданындағы Көлдібұлақ қыстауында қазба жұмыстары жүрді (сурет 2). Аталған ескерткіштегі қазбалар Қарағанды облысы мәдениет басқармасы жанындағы тарихи-мәдени мұраны қорғау инспекциясымен екі арадағы келісім-шарт негізінде жасалды.
Қазақ қора-қыстаулары – тұнып тұрған тарихи дерек (Бейсенов, 2019; 2021). Бұл арада олардың жеке тақырыпты қамтитын, өз бет-бейнесі мен ішке жасырып отырған құпиясы бар тарихи ескерткіш санатындағы автономды образын айтпай, біздің зерттеулерге ерекше маңызды тұстарын атап өту керек. Сақ дәуірі қоныстарына жақын тұратын қора-қыстаулардың топографиясы қызықты, және олардың сыртқы, яғни ауыл деңгейіндегі, ғана емес, жеке құрылыстардың ішкі планиграфиясын да жете қарастыру өзекті, - мүмкін біз үшін ең қажетті аспектілер де осы болар.
Ауа-райы қатал далалық өлкелерді мекендеген адамдардың өзіне қысқы қоныс болатын жерді игергенде ұтымды табиғи мүйісті неғұрлым дұрыс таңдап отыруға тәуелділігі қашаннан басқалардан жоғары болған. Осы тұрғыдан, қора-қыстаулардың ланшафтта орналасуына қатысты одан да кеңірек аспектілер шығады. Түптеп келгенде қыстаулардан маңайдағы қысқы-жазғы жайылым орындары, олардың алыс-жақындығы, өзен-су, т.б. сауалдар бастау алады. Кең тақырып. Методикалық көзқарастар мен нақты шешімдерді күтетін міндеттер кешенінің өзін түзу үшін жеткілікті дәрежеде материал жинақталуы керек.
Қарқаралы ауданындағы Айыртас өлкесі бойынша жинақталып жаткан мәліметтер маңызды және бұл ізденістер алдымыздағы кезеңде өз жалғасын табады деген ойдамыз.
Айыртаста жеті сақ қонысы мен бірнеше қазақ заманының қыстауы іркелді. Қора-қыстаулардың мұнда әлі бірсыпырасы бар екені байқалды, сонымен қатар, әзірше қаралып өтпеген, шеттеу жатқан сайлардың жоғарғы беткейлерінде әлі де сақ қоныстары да табылуы әбден мүмкін. Тау алдындағы жазықтың әр жерінде орын тепкен көне қорымдарда жүргізілген археологиялық қазбалар мұнда сақ дәуірінің жерлеу орындары бар екенін көрсеткен болатын (Бейсенов, Шашенов, 2020). Қазірде олардың қоныс-мекендері нақтыланып отыр. Айыртас өлкесі және мұндағы ескерткіштер сақ дәуірінде тиісті маңызы болған табиғи алғышарттардың кейін қазақ заманында да өз орнын алғанын нақты дәлелдейтін фактілерді береді. Сақ дәуірінің Айыртас-6 қонысы деп тіркелген ескірткіште сақ дәуірі мен қазақ құрылыстарының ірге қалдықтары бар екені нақтыланды.
Айыртас – солтүстік-батыстан оңтүстік-шығысқа созылып жатқан тау жотасының атауы. Жотаның солтүстігі мен солтүстік-шығыс жағын одан әрі тағы да жота, төбелермен шектелетін жазық алып жатыр. Ұзын бойымен алғанда Айыртас жотасымен паралель жатқан бұл шектеулі, өлшеулі жазық солтүстік-батыс пен батысында Түндік өзенімен тұйықталады. Демек, тау жотасы, жазық алқап және өзен, міне осы үш көрсеткіш мұнда ұрымтал келіп тұр. Айыртастағы қазақ қоралары, негізінен, XIX ғ. екінші жартысы мен XX ғ. басында өмір сүрген. Орталық Қазақстан өлкелеріндегі осы ескерткіштердің ең көп тараған уақыты да осы, мұны Қарқаралы ғана емес, басқа да көптеген аймақтардың мәліметтері нақтылай түседі.
Осы маңайдағы қыстақ, ауылдардан сұрастырған деректер мен ескі сөздер бойынша, Айыртасты қазақи бөліністе ертеден қаракесек арғын ішіндегі жергілікті қырғыз атасының қауымдары мекен еткен. Аталып өткен хронологиялық межеге әзірше тіркеліп қойылған Айыртас-1 (Қадырберлі), Айыртас-2, Айыртас-3 сияқты қыстауларды жатқызуға болады. Олардан ертерек қора-қыстаулардың бар-жоғын алдымыздағы ізденістер көрсетіп қалар.
Қазба жұмыстары жүргізілген Ж. Ақбаев әулетінің күзгі-қысқы мекендерінің бірі болған Көлдібұлақ қыстауы Қарағанды облысы, Ақтоғай ауданы, Қараменде би ауылдық округінің территориясында орналасқан.
Ескерткіш екі негізгі бөліктен, солтүстік-батыстан оңтүстік-шығысқа қарай созыла орналасқан тұрғын үй мен қорадан тұрады. Кезінде бұзылып, кірпіші арнайы түрде түгелімен тасып әкетілген, тек іргетасы ғана сақталған бұл екі құрылыстың арасы 52 м. Нысанда жалпы ауданы 816 ш.м болатын екі қазба салынды. Ғылыми деректері толығымен алынып, қазба жұмыстары аяқталған соң, сақталған іргелер жинақыланып, тегістеліп, реставрациялық шаралар кешені атқарылды, қоршаулар орнатылды.
Ауданы 336 м2 бірінші қазба тарихи-мәдени нысанның негізгі бөлігі болып табылатын тұрғын үй орнына салынды. Қазба нәтижесінде кіреберіс шағын дәліз, екі тұрғын бөлме және бұдан тыс үш шаруашылық мәндегі қосалқы құрылыс ашылды. № 1 бөлме қабырғасының сақталған биіктігі 35-40 см, жалпақтығы 65-70 см. Ішкі ауданы 4,25х3,8 м, екі есігі бар. Едені 3-4 см қалыңдықта ақшыл балшықпен сыланған, ортада екі діңгек орны табылды. № 2 бөлме қабырғаларының сақталған биіктігі 33-37 см, жалпақтығы 65-70 см. Бөлменің ішкі ауданы 3,1х3,85 м, солтүстігіндегі ұзын қорадан кіретін жалғыз есік бар. Едені түгелдей қалыңдығы 2-3 см ақшыл балшықпен сыланған. Бөлменің еденінде діңгек шұңқырлары жоқ, демек, төбені жапқан бөренелер қабырғалардың үстіне көлденең салынған.
Екі бөлменің бір-біріне іштен қатынайтын есігі жоқ, оларды үй жылытуға арналған пештің жалы бөліп тұр. Қазба жұмыстарының нәтижесінде пештің біреу емес, екеу екені анықталды. № 1 бөлменің ішінен жағылған бірінші пештің жалы солтүстік ұзын қабырға бойымен № 2 бөлмеге өтеді. Бұл үш құдықты пеш. Екі бөлменің ортасын бөлетін қабырға қылып салынған, бес құдықты екінші пеш (сурет 2: 1) екі жақты да жылытқан.
Ауданы 480 м2 екінші қазба қораға арналған бөліктің құрылыстарын анықтап берді. Қыстаудың қорасы ортақ бір іргетасқа салынған екі құрылыстан тұрады. Олар – нысанның шығысын алып жатқан ұзын, екі есікті малқора мен батыс жақтағы тұрғын үй. Қораның еденінен төбені жапқанда орнатылған жеті тіреу-діңгектің шұңқырлары шықты. Олардың орналасу бойына қарағанда, қораның ұзындығы шамамен 20,5-21 м жері жабық, ал, шығыс шеттегі 8-8,5 м бөлігі ашық болған.
Малшы жанұясына арналған деп пайымдалатын, тұрғын үй мақсатындағы бөліктің өзі малқорамен екі араны ажыратып тұратын дәлізден және шаруашылық бағыттағы кіреберіс пен жылы бөлме деп аталған екі құрылыстан тұрады. Үйдің сыртқы есігі оңтүстік қабырғасында орналасқан да, сыртқа дәліз арқылы шыққан. Жылы немесе төргі бөлменің аумағы 3,75х3,2 м. Астының өлшемі 1,5х0,4 м шағын пешпен жылытылған, жалдың қалдықтары кезспеді. Екі бірдей жал пешпен жылытылған ана үйлердей емес екенін ескерсе керек, бұл бөлме едені арнайы ойластыра, өте мұқият салынған. Алдымен жерде бір қабат тастан негіз салынып, ол тегістеліп, қалыңдығы 3 см ақсұр балшықпен жабылған. Бұдан соң, ол балшық үстіне төр жақты, яғни, үй ауданының жартысы алып жатқан, саман кірпіштен жасалған биік еден жасалған. Бұл еден-суфаның кірпіштің өзімен алып санағандағы биіктігі 15 см, оған қоса, үсті тағы да 3 см сылақпен тегістелген. Айта кету керек, дәл осындай суфа типіндегі биік балшық еден 2019 ж. Әлімхан Ермековтің туған жері Бөріктас қыстауына археологиялық қазба жұмыстарын жүргізу барысында табылған болатын.
Көлдібұлақ қыстауы құрылыстарының бұл жерде аталып, талданбай отырған көптеген ерекшеліктеріне, Кузнецов фабрикасы ыдыстарының, темір бұйым бөлшектерінің көптеп кездесуіне қарай отырып, бұл ескерткіш ХХ ғ. алғашқы ширегі шеңберінде салынған деп тұжырымдалды.
Көлдібұлақ қыстауының көптеген ерекшеліктері аталып отырған Бөріктас қыстауына жақын. Бұндай арнайы түрде, сапалы, ыждахаттап салынған қора- қыстаулар ішінен Ә. Ермеков (Кыдыралина, 2012; Өскембаев, 2013), Ж. Ақбаев (Құл-Мұхаммед, 1996) сынды зиялылар шыққан, ауқатты ғана емес, сол кездегі көзі ашық, қала тәртібін де білген, жақын маңайында құрылысшы, балташы сынды түрлі саланың іскер шеберлері де болған ортаға тән болуы күмән туғызбаса керек.