Әлихан Бөкейханов ата қорымы Талдыбейіттегі құлпытастар
Ескі құлпытастар Қазақстанның түкпір-түкпірінде бар екені белгілі. Автордың археологиялық барлаулары мен басқадай зерттеулері барысында құлпытастар Орталық Қазақстан өлкелерінде, батысында сонау Торғай даласында көптеп кездесті. Ұзын саны ондаған ескі құлпытастарды автор өз тарапынан түрлі деңгейде белгілеп, оқып шыққан болатын. Сонымен қатар, бұл тастарды «оқып шығу» мәселесі сөз болғанда ең алдымен атап өтетін арнайы аспектілер бар. Бастысы, бұндай құлпытастарды іздеу мен зерттеу археологиялық жұмыстардың қатарына кірмейтін болғандықтан, бұл тақырып автор тарапынан ешқашан жоспарлы, арнайы түрде қолға алынған емес. Құлпытастарға назар аудару Орталық Қазақстан жеріндегі ерте темір дәуірін кеңінен қарастыра бастаған кезеңнен, атап айтқанда, осыдан 20 жылдай уақыт бұрын қалыптасты. Оған ең бірінші себеп сақ дәуірінің қоныстық ескерткіштерін (Beisenov, 2021) іздеуден және осы тақырыпқа тым жақын тұратын қазақ қыстауларына (Бейсенов, 2021) тұрақты түрде назар аударудан келіп шықты.
Сақ қоныстары қазақтың қора-қыстауларына топографиялық тұрғыдан жақын орналасады. Ескі қазақ қыстауларына көңіл бөлгенде, оның маңайындағы көне мазар, бейіттерді аттап кету мүмкін болмады. Тіпті, көп жағдайда ескі бейіттер мен оның жанындағы шым басқан қыстау қирандыларын хронологиялық тұрғыдан қарастыруға тырысқанда, дәл осы құлпытастардағы жазылған мәліметтердің нақты пайдасы тигенін ерекше атап өту керек. Демек, құлпытастарға әлдебір деңгейде назар аудару, оларды шама келгенше оқып отыру қажеттілігі нақты практикалық мұқтаждан келіп шыққаны рас.
Автордың өзі жүріп өткен жерлерін ғана айтқанда, Орталық Қазақстанның түрлі өлкелерінде жүздеген ескі құлпытас болуы керек. Олардың айрықша шоғырланған бір жері ол Қарқаралы өңірі. Тек Қарқаралы қаласының жанындағы бейітте шамаман 130-150 тас бар, бірнеше тас Қаратөбедегі ескі қорымда тұр. Бұларды қамти өтсек, қазіргі Қарқаралы әкімшілік ауданы жерінде 200-ден астам тас бар деп топшылауға болады. Ақтоғай, Шет, Жаңарқа, Баянауыл өңірлерінде саны дәл мұндай болмаса да, құлпытастар бар. Қарағанды, т.б. қалалар маңындағы ескі қорымдарда да бұл жәдігерлер баршылық болуы керек.
Автордың құлпытастарды нақты өзі көріп өткен тағы бір аймағы – Торғай өлкелері, атап айтқанда Жангелді ауданына қарасты өңірлер. Бұндағы Ақмырза, Баймырза, Томай сынды, т.б. ескі қорымдарда ондаған тас бар екені байқалды. Ғ. Базарбаева хабарлаған мәліметтерге сүйенсек, Қостанайдың Әулиекөл, Қамысты аудандарында да құлпытастар бар. Бір байқалғаны Орталық Қазақстан мен Торғайдағы құлпытастардың дені, тіпті барлығына жуығы, негізінен қазақи бөліністегі арғын қауымдарына тиесілі.
2021 ж. жазында автордың басшылығындағы ғылыми топ Қарағанды облысы Ақтоғай ауданы жерінде, атап айтқанда Тоқырауын, Жіңішке өзендері алабында ерте темір дәіуірі ескерткіштеріне, сондай-ақ, қазақ қораларына, суландыру жүйелеріне барлау жұмыстарын жүргізген болатын. Осы ізденістер барысында, Әлихан Бөкейханов ата қорымы Талдыбейітте сақталып тұрған бірнеше құлпытас (сурет 1) оқылды. Аталмыш жұмыстардың қорытындыларын бұл шағын басылымда ежіктеп атап шығу мүмкін емес. Талдыбейіт, жалпы Тоқырауын тарауындағы, яғни оның Жіңішкемен түйісер жеріндегі ескі мазарлар, қоралар, тоғандар сынды бірсыпыра ескерткіштер арнайы назар аударуға тұрарлық. Ол туралы автор тарапынан жеке материал жасау жоспарлануда.