Қылыш қорғандары

Б.з.д. ІІІ ғасыр мен б.з. ІV ғасырларының аралығында Арал жəне Каспий аймағында көшпенді өмір сүрген cармат тайпасының ескерткіштерінің бірі - Қылыш қорғандары. Ескерткіш Атырау облысы, Индер ауданы, Жарсуат ауылынан оңтүстік-шығысқа 22 км қашықтықта орналасқан. Қорғандар топырақтан үйілген. Қылыш қорғандар тобы құрамына төрт қорған кіреді. Оның ішіндегі ең ірісі Қылыш І қорғаны, патшалық қорғандар қатарына жатады. Ерте темір дəуіріне жататын Қылыш қорғандар тобына алғашқы археологиялық қазба жұмысын 2012 жылы Атырау облысы тарихи – өлкетану музейі жүргізді. Қазба барысында қорғандар тобындағы №2 оба қазылды. Қорған топырақтан қазылып, онда жерленген әйел қабірімен қоса оның қолданған әшекей бұйымдары: күміс белбеу тоғалары, қоладан жасалып алтын жалатылған киім жапсырмалары, асыл тасты жүзік, тұмар, қара моншақтар, дөңгелек қола айна табылды.Сонымен қатар, қоладан жасалған төрт нұсқасы бар қазан табылды. Кейінгі жылдардағы № 3,4 қорғандардан жыртқыш аң сүйектері ғана табылды, қорғандар бос болып шықты.