Күршім ауылында 2012 жылы жүргізілген археологиялық қазба жұмыстары

Шығыс Қазақстан облысы, Күршім ауданы, Қалжыр ауылынан солтүстік шығысқа қарай 4 км жерде, Қалжыр өзенінің оң жағалауында орналасқан Алқым 1-3 қорымдары өзен арнасын бойлай оң жақ жағалауында солтүстіктен оңтүстікке қарай тізбектеліп келеді. Әр қорымды әр кезеңде қалыптасқан өзен террасалары бөліп тұр. Болжам бойынша аталған жерлеу ескерткіштері Шығыс Қазақстанды, Алтайды, Ертістің жоғарғы аңғарын мекендеген көне түркі тайпаларының мұрасы. Түйетас қорымы Күршім ауданының Боран ауылдық округінің территориясында орналасқан. Түйетас қорымындағы қазылған қорғандар материалдарына, сыртқы құрылысы мен ішкі құрылымына қарағанда б.д.б. VI- б.д.б. IV ғасырлармен мерзімдеуге болады. Күршім ауданындағы Алтай тауы баурайларының әр жерлерінен археологиялық барлау және Алқым-2 қорымындағы қорғандардан көне түріктерге тән археологиялық ескерткіштер табылса, ал Түйетас қорымындағы екі қорған ерте темір дәуірінікі екендігі археологиялық қазба жұмыстары нәтижесінде анықталды.