Мырзашөл мен ортағасырлық Үтіртөбе қаласының зерттелу тарихы

13.06.2022 11:11

Қазақ хандығының алғашқы ту тіккен жерін айқындау үшін 1980 жылы автордың басқаруымен палеоэтнологиялық экспедиция жұмысын жүргізген еді. Ортағасырлық Үтіртөбе қаласы Сырдарияның сол жағасын жағалап жүрген ежелгі керуен жолдың Сырға Шыршық өзенінің құйған жеріндегі өткел мен Сүткенттің аралығындағы негізгі өткелдердің бірінің басында орналасқан, сондықтан да оның зерттелу тарихын Мырзашөлдің тарихымен, географиялық, археологиялық зерттелуімен байланысты қарастыру керек. Мырзашөлдің зерттелу тарихына қатысты алғашқы дерек П.И. Лерхте кездеседі. 1867 жылы Сырдарияны төменгі, орта ағыстарындағы ортағасырлық қалаларымен танысқан ол Түркістан, Шымкент, Ташкент арқылы Жызаққа өткен. Жызақтан шығып Жаңақорғанға (Яны-Курган ) барар жолда ол Жыланоты ( Джилан-Уты ) шатқалындағы биік жартастағы екі жазудың көшірмесін түсіріп, олардың парсы тілінде 1424-1425 және 1571-1572 жылдарда жазылғанын анықтаған.