Бытығай қалашығындағы жаңа зерттеулер

2021 жылғы далалық маусымда Бытығай ортағасырлық қаласында археологиялық қазба жұмыстары жүргізілді. Қалашық Ақмола облысы Қорғалжын ауданы, Қорғалжын ауылынан шығысқа қарай 1 км жерде, Нұра өзенінің сол жақ жағалауында орналасқан. Ескерткіш аумағында екі қазба жұмыс алаңы бекітіліп, археологиялық қазба жұмыстары жүргізілді. Бірінші қазба алаңының ауданы 200 м², екіншісінің ау-даны 120 м² құрайды. Ескерткіш аумағында өндірістік цех, сондай-ақ шикі кірпішті алдын ала кептіруге арналған құрылыстар толық зерттелген. Жұмыста тіркелген нысандар мен құрылыс материалдарының негізгі сипаттамасы берілген. Өндірістік цехта жүргізілген археологиялық қазба жұмыстарының нәтижесінде күйдірілген кірпіштің алты түрі, кірпіш бетті жылтырақ шыны әшекеймен қапталған бір түрі және әшекейсіз оюланған кірпіштердің бір түрі тіркелді. Жүргізілген жұмыстардың нәтижелері Теңіз-Қорғалжын өңіріндегі қала мәдениетінің даму деңгейін көрсетеді және Бытығайдың басқа да ортағасырлық белгілі қалашықтармен қатар керуен маршруттарының қиылысында орналасқан әкімшілік-сауда орталығы болғандығын айғақтайды. Кірпіш пен сәулет-әрлеу материалдарын дайындау және күйдіру жөніндегі өндірістік цех ша-мамен XIV–XV ғасырларға белгіленген.