Жайпақ қаласында 2015 жылы жүргізілген археологиялық қазба жұмыстарының кейбір нәтижелері мен қортын
Жоңғар қақпасы, Алакөлдің оңтүстік жағалауы ежелден түркі халықтары қоныстанған құтты мекен десек те болады. Бұлай деп кесіп айтуымыздың себебі, аталған аймақта соңғы жылдары жүргізілгент археологиялық барлау жұмыстары барысында ондаған ерте орта ғасырлық қалалардың орындары анықталып, соның үшеуіне үлкен көлемде, тағы бірнешеуіне барлау-анықтау мақсатында зерттеу жұмыстары жүргізілді. Әл Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің профессоры, т.ғ.д. Ә.Т.Төлеубаев басқарған экспедиция тарапынан жүргізілген барлау жұмыстары барысында анықталған қалалардың қатарында Ақтүбек, Қайнар, Жайпақ I, Жайпақ II, Ақши, Асусай, Қоскеліншек, Ырғайты, Тау Ақши, Найманқала, Еміл (Омыл) секілді қалаларды атауға болады. 2015 жылғы зерттеу маусымында, аталған экспедиция ортағасырлық Жайпақ қаласына зерттеу жұмыстарын жүргізді. Ерекше атап өтетін мәселе, аталған қалаға бұған дейін ешқандай қазба жұмыстары жүргізілмеген. Бір қызығы бұл жерде екі қала қатар орналасқан. Біз бұл қалаларды жергілікті елді-мекеннің атауымен Жайпақ деп, орналасу реті мен өлшемдеріне қарап шартты түрде Жайпақ I, Жайпақ II деп белгіледік.
2015 жылғы зерттеу мауысымында негізгі қазба жұмыстары Жайпақ I қаласына жүргізілді. Жайпақ I қаласы, Жайпақ II қаласынан бірнеше есе үлкен. Жайпақ I қаласының жалпы пішіні трапеция тәріздес. Қаланың географиялық координаттары С.45º59’44.19»; Ш. 81º11’34.20». Жайпақ қаласы Үшарал ауданы, Жайпақ ауылынан оңтүстік батысқа қарай 6 шақырым жерде орналасқан. Жайпақ қаласының сыртқы қоршау қабырғасының орналасу реті мен ерекшеліктері, нақтырақ айтсақ, батыс қабырғаның орта тұсы сыртына қарай сүйірлене шығып барып, ауызы ашық күйінде қалуына қарап, қала қақпасы батысқа қарауы мүмкін деп болжаймыз. сыртққы дуалының құландысының биіктігі 1,5-2 м шамасында. Құлаған қабырғасының жайылған топырағы 8-9 метрден бастап, кей жерлерінде 22 метрге дейін жайылған. Сыртқы дуалының оңтүстік және шығыс бөлігін тау шатқалдарына шығатын маусымдық ағын сулар шайған. Осы тұста айт кетер мәселе, қаланың сумен қамтамасыз етілуі де осы таудан келетін ағын сулармен тікелей байланысты болуы мүмкін. Себебі таудан ағатын судың орындары бүгінге дейін терең ор болып сақталып қалған, әрі су жүретін ірі жылға қаланың оңтүстігінен келіп, шығыс қабырғаны сыртынан бойлай отырып, солтүстігіне қарай жайылып жоғалады. Мұндай жүйе оңүстік өлкелердегі қалаларда жиі байқалады. Мәселен, ортағасырлық Аспара қаласының да сырты тура Жайпақ секілді арнайы су ағатын ормен қоршалып, ағын суды қала іргесінен өткізген.
Жайпақ қаласы тек қала ішінде құрылыстармен шектеліп қалмайды. Қаланың сыртын айнала бірнеше жүздеген метрге дейінгі аймақта үйілген төмпешіктер, қаланың оңтүстік батысында шамамен 200-250 метр жерде көп мөлшерде жерлеу орындары (сақталғандары 180-200 шамасында), сонымен қатар, қаланың шығысында үлкен ірі көлемдегі, іргесі ірі тастармен қаланған кесенелер орналасқан.