Ортағасырлық Қастек қаласының керамикасы
Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институтының Жетісу археологиялық экспедициясы А.Ә. Нұржановтың (1957–2021) жетекшілігімен 2011–2020 жж. ортағасырлық Қастек қаласының қазба жұмыстары жұргізілген. Керамика – ортағасырлық қалалар мен қоныстардың мәдени қабатын мерзімдеудегі басты дерек болып табылады. Сонымен қатар, қалаларда керамика бұйымдарын жасау өндірісі мен оның өнімі қолөнер кәсібінің жоғары шеберлігін анықтайды. Ортағасырлық Қастек қаласында 2011 ж. бері жүргізілген зерттеулерге қатысты көптеген ғылыми мақалалар жарияланып, онда табылған керами-ка бұйымдарының түрлері мен ерекшеліктеріне байланысты мәселелер қарастырылды. Қаладан табылған керамика бұйымдарының жиынтығы өте жақсы сақталғандықтан, оны түрлері, формалары, өндіріс әдістері бойынша жіктелді. Керамикалық бұйымдарды дайындау кезінде табиғи қоспасы бар жергілікті шикізат (саз, дала шпаты, кварц) пайдала-нылды. Мақаланың негізгі мақсаты – 2018 ж. қазба жұмыстары барысында табылған керамикалық бұйымдарды ғылыми айналымға енгізу, ортағасырлық Қастек қаласының қыш бұйымдарын талдау және жақын орналасқан ескерткіштерден табылған материалдар бойынша ұқсастықтарын іздеу. Осы мақсатқа жету үшін жаңа мәліметтер келтіріліп, бұрын жарияланған жарияланымдар талданады және материалдың зерттелу дәрежесі талқыланады.
2018 ж. далалық маусымдағы Қастек қаласының керамикасы 2 кезеңге жатады: VІII ғ. – X ғ. басы; X ғ. – XIII ғ. басы. Ортағасырлық Қастек қаласы – Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Қастек ауылынан 2,5 км солтүстікке қарай Жетіжол тау жотасының бастауында, Суықтөбе тауының төменгі бөлігінде орналасқан. Алматы қаласына ең жақын орналасқан ортағасырлық қала болып та-былады (Алматы қаласынан 90 км қашықтықта). Ортағасырлық қаланың жалпы аумағы – 30 га құрайды. Оның 5 га жері цитадель мен шахристанға тиесілі. 2020 ж. дейін он жыл бойы жүргізілген қазба жұмыстарының көлемі – 8000 м. Қаланың географиялық орналасуы шаруашылық жүр гізуге, әрі саяси байла-ныстар жасауға өте қолайлы болған.
Шаруашылықтың дамығандығын қала аума-ғындағы ирригация және жер телімдерінің орналасуы-на қарай білуге, қаланың жоғарғы жағында орналасқан Қастек асуы арқылы Шу алқабына жетуге болады. Археологиялық қазба жұмыстары барысында қала шекара бекеті мен сауданың дамыған орталықтарының бірі болғандығы анықталды. Сонымен қатар сауда қатынастарын реттеудің маңызды пункттерінің бірі болғанын айғақтайтын заттай деректер табылды.
Он жылдық кешенді қазба жұмыстары кезінде қаланың әлеуметтік-экономикалық өмірінің көрсеткіші болып табылатын заттай мәдениеттің жетістіктері, стратиграфия, планиграфия, қорғаныс құрылымдары туралы көптеген мәліметтер алынды. Табылған артефактілердің көп бөлігі керамика, ал қалғанын сүйектен, темірден, шыныдан жасалған бұйымдар құрайды.