Жануар асықтарының архезоологиалық зерттелуі

Бәбіш-мола қаласынан табылған жануар асықтарының археозоологиялық зерттелу мәселесіне арналады. Ескерткішке жүргізілген қазба жұмыстары барысында 80-нен астам жануар асықтары табылған. Археозоологиялық талдау негізінде, асықтардың қуысмүйізділер (Bovidae) тұқымдасына жататын ақбөкен (Saiga tatarica) және қарақұйрық (Gazella subgutturosa), сонымен қатар қой (Ovis aries) және ешкіге (Capra) тиесілі екендігі белгілі болды. Морфологиялық және морфометриялық зерттеулер барысында жануар асықтарының өлшемдеріндегі ауытқушылық диапазондары (Lim), ортақ квадраттық мөлшері (М), орташа квадраттық ауытқу мөлшері (ơ) және ортақ арифметикалық қателіктері анықталды. Остеометриялық зерттеу нәтижелері негізінде, Бәбіш моладан табылған асықтарға басқа аймақтардағы жануар асықтарының өлшемдерімен өзара салыстырмалы талдау жасалды. Ақбөкен асықтарының плантарлы бетіне сызылған әртүрлі өрнектердің сипаттамасы жасалынып, биометриялық белгілердің вариациялық қатары шығарылды.

Мақалада асықтардың жан-жақты өлшемдері көрсетілген 12 кесте берілген. Археологиялық зерттеулер барысында Қазақстанның әртүрлі аймақтарынан кездескен жануар асықтарын мысалға ала отырып, ондағы асық ойындары, ғұрыптық жосындарға қатысты тұжырымдарға талдау жасалады. Қуысмүйізділер (Bovidae) тұқымдасына жататын жануарлардың остеологиялық материалдары сарапталған археозоологиялық мәліметтер отандық археологияда аса көп қарастырылмаған мәселелердің бірі. Оның үстіне археологиялық қазба жұмыстары барысында көбіне үй жануарларына тиесілі материалдар ұшырасады. Ал ақбөкен, қарақұйырық секілді жануар сүйектері қазба барысында бірен-саран ғана кездесетіндіктен, арнайы зерттеу нысанына айналмаған. Сонымен қатар, тек ақбөкен асығының 80-ге жуық данасының бір жерден табылуы да бірінші рет кездесіп отыр. Қазақстан территориясындағы ескерткіштерден табылған жануар сүйектеріне қа тысты археозоологиялық мәліметтер жыл сайын сирек те болса жарияланып, ғылыми айналымға еніп келе жатқанымен, жануар сүйектерінің ішінде асыққа қатысты, оның морфометриялық өлшемдеріне қатысты мәліметтер жоқтың қасы.