Созақта жүргізілген қазба жұмыстарының алғашқы нәтижелері
2009 ж. далалық зерттеу жұмыстары Созақ қаласының орнын қазудан басталды. Қазақстан тарихы мен археологиясында ерекше орын алатын Созақ қаласының орны (қирандысы) осы күнгі Созақ кентінің орта тұсында сақталған. Қалашықты алғаш 1946 ж. Ә.Х. Марғұланның жетекшілігімен Орталық Қазақстан археологиялық экспедициясы1 ашып, есепке алса, 1947-1948 жылдары Созақтың орнын топографиялық тұрғыдан Оңтүстік Қазақстан археологиялық экспедициясы (А.Н. Бернштамның жетекшілігімен) зерттеп, оның жобасын түсірді. Бірнеше жерден салынған барлау шұңқырынан алынған материалдардың негізінде қаланың өмір сүрген уақыты XIV-XVI ғғ. аралығы 2 деп анықталған. 1982- 1983 жылдары Шымкент педагогика институтының археологиялық отряды (А.Н. Падушкин) қайта бақылау жүргізіп, қалашық X-XVIII ғасырлар аралығында өмір сүрген деп шешім жасаған. Осы бақылаудың мәліметтері «Свод памятников истории и культуры Казахстана» деген атпен шыққан археологиялық картаның Оңтүстік Қазақстан облысын қамтыған алғашқы топтамасында 542 санмен (248 бетте) жарияланды3. Өкінішке орай отряд Созақтың орнында ешқандай қазба жасамаған, тек алғашқы зерттеулердің мәліметтерін қайта берген. Соғыстан кейінгі жылдары жүргізілген зерттеудің сол кездегі техникалық жабдықтаудың төмендігімен байланысты сапалық кемшіліктері болды. Соңғы зерттеулер Созақ қала жұртының Е.И. Агеева мен Г.И. Пацевич түсірген жобасы қазіргі төбеге сәйкес келмейтіндігін көрсетті. Төменде біз түсірген жобасы мен ескі жобасының сызбалары (Сурет №1-2) қатар берілді.
Тарихи шындық Созақ қаласының Қазақ хандығы алғаш қалыптасқан кезде жас мемлекеттің аса маңызды саяси-стратегиялық орталықтарының бірі болғандығын аңғартады. Қала мен Созақ өңірінің аты деректерде тарихымыздың аса бір маңызды да жауапты оқиғаларымен байланысты айтылады. Бірақ ондай деректер коп емес және қала туралы мәліметтер қысқа қайтарылады. Деректердің нақты археологиялық ескерткіштерді зерттеу материалдарымен байланысы жоқ. Өйткені бұл аймақта бағытталған мақсаттағы қазба жұмыстары бұрын жүргізілмеген.
Жергілікті ақсақалдардың айтуынша қаланың ескі көшелерінің бойында, қабырғаға тақала салынған қос мазардың орны болған. Олардың басындағы көгілдір түсті құбалары күн көзіне шағылысып, жалтырап тұрады екен. Ауыл адамдары оларды «Хан мазары» атап кеткен. Бірақ олардың неге олай аталғаны ешкімнің де жадында қалмаған. Дегенмен осы бір атаудың арғы жағында бір мән болуы мүмкін. Өңірдің тарихынан біршама хабары бар қарттар Созақта қазақтың хандары жерленген деген болжам айтады. Солардың қатарында Әбілқайыр, Керей мен Жәнібек, Ақназар хандар бар. Ел ішінде тараған әңгімені растайтын дерек қарастыра бастағанымызда Қазақстан Ұлттық энциклопедиясында Созақтағы «Хан Мазары» деген қасиетті жерде Әбілқайыр ханның сүйегі жатыр деген мәліметті кездестірдік. Осы мәліметтің түбін іздеп, деректерге үңіле түстік. Нәтижесінде Әбілқайыр ханның Созақ қаласында жерленгені жайлы Хожам-кұлы-бек Балхидің «Қыпшақ хан тарихы» шығармасында айтылатындығын5 таптық. Осы деректердің өзі Созақ қаласының қазақ тарихының бізге әлі белгісіз құпияларын бауырына бүгіп жатқандығын аңғартқандай. Біздің зерттеуіміздің басын Созақтан бастауымыздың себептерінің бірі осыған байланысты болатын.
Созақ пен оның айналасындағы жәдігерлерде археологиялық зерттеу жүргізіп, олардан алынған материалдарды жазба деректермен үйлестіре отырып, осы өлкенің Қазақ тарихындағы орнын аша түсу негізгі мақсаттарымыздың біріне айналды.
Осындай мақсатқа байланысты «Қазақ хандығы қалалары» тақырыбы бойынша жүргізетін археологиялық зерттеу жұмыстарының алғашқы кезеңін Созақ қаласының орнын қазудан бастадық. Қазақ тарихында, әсіресе Қазақ хандығы құрылғаннан кейінгі ғасырларда елеуі ірі қала болып тұрған Созақтың орны кешенді түрде зерттеліп, оның ірі саяси-экономикалық орталық ретіндегі маңызы ашылмаған. Қаланың жаңа қалыптасқан хандықтың басты ордаларының бірі болғаны археологиялық жан-жақты зерттеулер негізінде тұжырымдалмаған. Қазба алдына қойылған мақсат қалашықты топографиялық тұрғыдан зерттеу, яғни қаланың жобасы мен алып жатқан ауданын анықтау. Сондай-ақ қаланың құрылыс жүйелерін зерттеу болды. Өмір сүрген уақыт аралығын болжау үшін де біршама әрекет жасалды. Қаланың соңғы кездегі тұрмыс тіршілігін кең түрде зерттеу де назардан тыс қалған жок.
Созақ қала жұртының оңтүстік - шығыс шетіне салынған қазбаның жалпы көлемі 11х20 м, тереңдігі кей тұста 0,5-1 м дейін түсті. Қазба барысында екі үлкен бөлме мен қосалқы шаруашылық бөлмелерінен тұратын үй орыны ашылды. Қазбаның шығыс шетінде орналасқан тұрғын үй бөлігінің өлшемі 11х13,5 м. Ол қатар орналасқан екі бөлме мен олардың алдыңғы жағына жалғастырыла салынған бастырмадан тұрады. Қазбаның Шығыс шетіндегі № 1-үлкен бөлменің өлшемі 5,5х5,75 м, сыртқы қабырғаларының қалыңдығы 70-75 см. Қабырғалардың астыңғы екі, кейбір тұста үш қатар қаланған кірпіштері сақталған. Кірпіштерінің өлшемі 32x18x11,30x18x10 см. Бөлменің қабырғалары қоқан дәуірінде, кейіннен өзбектердің құрылыс дәстүрінде сақталған шышты (қабырғалардың сыртын ағаш бағандардан құрастырып, арасын әртүрлі жатықта қаланған кірпіштермен толтырған) әдіспен қаланған. Үйдің сыртқы қабырғаларының астыңғы қатарлары малдың тезегінен (қиыннан) жасалған кірпіштермен қаланған. Жергілікті ақсақалдардың айтуынша тезек кірпіштер ылғалды жоғары қарай өткізбейтіндіктен оларды үйге тұғыр ретінде қолданған. Бөлменің солтүстік-батыс бұрышынан қағар орналасқан екі тандырдың орындары ашылды. Тандырлар өте нашар сақталған. Тек түпкі жақтары қалған. Оларды қоршай орналасқан сыпа бұзылған. Тандырлар өлшемі жағынан бірдей 65-70 см. Шығыс қабырғаға жақын орта тұста дөңгелек келген ошақ секілді шұңқыр тазаланды. Оның ішінде жанған ағаштардың күлдері қалыпты. Шамасы ғұрыптық мақсатта пайдаланылған от жағатын (адыраспан күйдіретін) орын болса керек. Бөлмеге кіретін есік батыс қабырғаның бойында орналасқан. Оның ені бір метр. Екінші бөлме осы есік арқылы байланысады. Бұл бөлменің өлшемі 5,5х5,5 м, қабырғаларының қалыңдығы (70-75 см) алғашқысындай. Ауыз бөлме қызметін атқарғандығын ішкі құрылыс қалдықтары айқын көрсетіп тұр. Солтүстік - батыс қабырғаны қуалай салынған сыпаның өлшемі 2,5х5 м. сыпа орта тұсынан қалыңдығы 30 см қабырғамен бөлінген. Шамасы кезінде тұтас болған сыпа кейіннен қайта өзгертіліп, осы қабырғамен шектелген солтүстік бөлігі қалған да оның батыс шеті тегістелсе керек. Бүл шеттегі сыпаны қоршай қаланған қабырғаның орны көмескіленіп, әрең көрінеді.
Сыпаның ортасынан түскен қабырғаның оңтүстік шетінен әр метр сайын сақталған тіреудің орындары (шұңқырлар) үшеу. Олар бір түзудің бойында орналасқан. Осы шұңқырлардың диаметрі 0,25 м, тереңдігі 0,30 м. Бөлменің оңтүстік қабырғасының орта тұсына тақай қойылған орташа көлемдегі құмыраның жарты денесі, иығынан төменгі жағы ғана қалған. Оның бүйірінің диаметрі 60 см. Құмыра өзінің жасалу ерекшелігі мен сыртқы бедерлері жағынан XVI-XVII ғасырлардағы Отырардың құмыраларымен бірдей. Кеңдігі бір метр болатын екінші есік оңтүстік қабырғаның бұрышында. Есіктің астына қойылған ағаш табалдырықтың шірінділері қалған. Бөлменің қақ ортасында орналасқан таснауаның (ташнау) бетіне қаланған төрт бұрышты кірпіш төсеніштің өлшемі 70 х 70 см. Еденнің астына қойылған үлкен құтының беті ортасында көздің жасуындай тесігі бар кірпішпен жабылып, оның айналасы сынық кірпіштермен қаланған. Ташнау ретінде пайдаланылған үлкен көзенің сыртқы жағы ернеуінен етегіне дейін жасыл сырмен сырланған. Ішкі жағына тұтастайы сары сыр жағылған. Бұл көзе өзінің жасалу нақышы мен сырлану ерекшелігі жағынан Алтынорда дәуірінде кеңінен таралған ыдыстар қатарына жатады. Бір таңқаларлығы ыдыстың түбі бүтін, тек кезінде бірнеше бөлініп кеткен ыдысты құрастырып байлаған тесіктері бар.
Екі бөлменің алдыңғы, оңтүстік қабырғаларына жалғастырып салынған ұзын бастырманың ені 3,5х12 м. Бастырманың бөлмелермен шектескен ішкі қабырғасының бойында, оның сырт жағынан тізбектетіп тігінен қойылған (шыш) тіреулердің орындары қалған. Тіреулер әр метр сайын бір-бірінен бірдей қашықтықта қойылған. Қабырғалардың астына төселген ұзын ағаштардың қалдықтары да үгітіліп жатыр. Бастырма жіңішке қабырғалармен үш бөлікке бөлінген Олардың оңтүстік - шығыс шетіндегісі үлкен, өлшемі 3,5х4,5 м. Қалған екеуі бір- бірімен шамалас. Аралық қабырғалардың құлаған жерлерінде олардың астына қаланған ірі тастар шығып жатыр.
Үйдің екінші бөлігі алғашқы, үлкен үйдің батыс қапталына жалғастырыла салынған. Бүл біз сипаттаған үйдің кірер есігі бөлек қосалқы бөлігі болуы мүмкін. Себебі оның құрылыс ерекшелігі мен ішкі құрылымы тұрғын үйге емес қандайда бір шаруашылық мақсатта пайдаланылған бөлмелерге көп ұқсайды. Осы үйге кіретін есік оңтүстік қабырғаның бойында орналасқан. Оның өлшемі де бастапқыларымен бірдей. Есіктен кірген жердегі үлкен бөлменің өлшемі 3,25х6,25 м. Бөлменің шығыс қабырғасының солтүстік бұрышына жақын шегінде 1х1,5 м. келетін, сырты кам кірпіштермен қаланған сыпаға ұқсас көтерме бар. Сол көтерменің орта тұсында сырты қам кірпіштермен шеңделген дөңгелек шұңқыр жасалған. Шұңқырдың ішіне бос топырақтар толған. Ал оған карсы беттегі қабырғаның бойында, сыртқы есікке жақын тұстан сырты қам кірпіштерден қаланған, төрт бұрышты кішкене қамбаға ұқсас құрылыстың төменгі жағы сақталған. Оның ішкі жағында қойдың сүйектері қалай болса солай жатыр. Үйдің батыс шетінде бір - бірімен қатар жатқан үш жіңішке бөлменің орындары қалған. Солардың солтүстік шеткісі ортасынан екіге бөлінген. Бұлардың едендері сары балшықпен сыланған. Шамасы астық және азық сақтауға арналған қамбаларға келеді. Қалған бөлмелердің ішкі құрылыстары сақталмаған. Сыртқы қабырғаларының көп тұстары езіліп, бұзылып кеткен.
Қазылған осы үйдің оңтүстік және батыс қабырғалары бір-бірімен айқасатын екі көлденең көшемен шектескен. Қазбадан табылған заттай олжалар алуан түрлі және уақыты жағынан да араласып кеткен. әсіресе қыш ыдыстардың қалдықтары қандайда бір мерзімдік шекарамен шектелмейді XIV ғ. мен XVIII ғ. материалдары аралас кездеседі. Шыны ыдыстардың ұсақ бөліктері жиі кездесті. Темірден жасалған заттар (құлыптар, қазанның, пышақтың сынықтары, нәл) негізінен XVIII-XIX ғғ. жатады деп шамалауға келеді. Қазба заттары қазіргі кезде зертханалық саралаудан өткізіліп жатыр. Зерттеу нәтижелері қосымша беріледі.
- Маргулан А.Х. Из истории городов и строительного искусства древнего Казахстана. - Алма-Ата,1950.
- Агеева Е.И., Пацевич Г.И. Из истории оседлых поселении и городов Южного Казахстана. \\ Тр.ИИАЭ АН КазССР.1958. T.5. С- 111.
- Свод памятников истории и культуры Казахстана. Южно-Казахстанской область. - Алматы, 1994.-С,248.
- Казахстан. Ұлтгық энцклопедия. - Алматы, 2005.702 бет.
- История Казахстана в персидских источниках. - Алматы.Т.5, 2007.С-376-377.