Ортағасырлық Отырар қаласындағы 2009 ж маусымындағы археологиялық зерттеулер есебі

2009 жылдың маусымында ортағасырлық Отырар қаласының оңтүстік дарбазасының қабырғаларын аршу жалғастырылды.

Археологиялық зерттеу жұмыстарын бастау алдында, қазба орнында тазалау жұмыстары өткізілді: дарбазаны табиғи эсерден сақтау үшін қамыстан жасалған қоршаулар алынып, өсімдіктер және күл-қоқыстан тазаланды. Шахристандағы 11,12 және 15,16 кварталдарда қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді. Сылақпен орта ғасырлық тұрғын жайлардың қабырғалары сыланып, бұзылып жатқан қабырға бөліктері қалпына келтірілді. Одан басқа, қазіргі кезде қойылған дарбазадан ескерткіштің өзіне дейін өтетін жол бойында жөндеу жұмыстары жүргізілді.

Дарбазаның мұнаралары солтүстіктен оңтүстікке қарай қаланған. Солтүстік мұнара дарбазаның сыртына 23 м, ал оңтүстік мұнарасы 32 м сыртқа қарай шығып тұр. Олардың іргетасы 4,1 м тереңдікте орналасқан. Мұнаралар, көлемі 27,5x27,5x6 см болатын, күйген кірпіштен қаланған, қаландының ені 1 м. Бір-бірінен 3,8 м қашықтақта орналасқан. Оңтүстік мұнараның іргетасы жартылай дөңгелек жасап (диаметрі7м), қабырғаға түйісіп жалғасады. Мұнараны бірнеше рет қайта жөндеуге ұшырағаны анық байқалады. Кейбір бөліктері сынған кірпіштерге толы. Оңтүстік-шығыс бөлігінде жөндеу жұмыстарының іздері 1,5 м тереңдікке дейін байқалады. Мұнара қаландысының құландысын тазалау барысында қабырғаның сыртын әшекейлейтін, оюланған кірпіш және бесбұрышты кірпіш табылды. Мұндай оюланған кірпіштер Отырар қаласының XVI ғ. жататын мешітті зерттеу барысында табылған. Соңғы жөндеу жұмыстары XVI ғ. аяғы - XVII ғ. басында жүргізілген.

Қазба жұмыстар барысында көп мөлшерде қызыл және сұр түсті, шыңылтырланған және сырланған ыдыс сынықтары кездеседі. Одан басқа, қазба жұмыстар барысында темірден жасалған жебенің ұшы, сауыт сайманның кейбір қалдықтары, зергерлік бұйымдар ішінде сырға, білезік, ақық тастардан жасалған моншақтар, жүзік көздері кептеп кездеседі. Кейінгі орта ғасырларда Отырар қаласында темір өндірісінің дамуына дәлел болатын кептеген шлак табылды.

Мұнара жанынан қалыңдығы 1 м кірпіш құландысы табылды. Олардың бәрінде күйе іздері байқалады. Яғни қабырға немесе мұнара өрт әсеріне тиген.

Кейін, мұнаралар бұзылған соң олардың орнында тұрғын бөлмелер мен шеберханалар салынды. Оңтүстік мұнара орнында темір шеберханасы табылды. Оған дәлел көп мөлшерде табылған шлак қалдықтары және күл қалдықтары.

Стратиграфиялық зерттеулерге қарай отырып, қамалдың үш рет су тасқынына ұшырағаны туралы айтуға болады.

Оңтүстік мұнара бөлігінде табылған барлық артефактілер лабораториялық сараптаудан өтеді. Табындылардың салынып, зерттеу нәтижелері ғылыми мақалаларда жарияланады.

Весидж қалашығы.

2009 ж. маусымында Весидж қалашығының цитаделінде археологиялық жұмыстар жалғастырылды. Қазбаның мақсаты моңғол-татар дәуіріне дейін жататын мәдени қабаттарды анықтау.

Ескерткіштің үстіңгі қабаты қалың арам шөп өсіп кеткен, ортасында шұңқыр бар. 1986 ж. осы ескерткішті Грошев В.А. зерттеген. Сондықтан жұмыс бұрынғы қазбаны тазалаудан басталды. Тазалау барысында шыңылтырланған және сырланған ыдыс сынықтары табылды. Осыған ұқсас ыдыс сынықтары Отырар қаласында да кездеседі. Қабырға кесектерінде күйе іздері көп кездеседі.

Солтүстік қабырға тұсында тазалау барысында екі адам қаңқасы табылды. Болжау бойынша бұл ересек және жас адам қаңқалары және олар XVIII ғ жатады. Қабірлерді қазу барысында XIII - XVI ғғ. жататын мәдени қабат анықталды.

Қабырға құландысы тазартылғаннан кейін өрт іздері байқала басталды: күйе іздері қалған кірпіштер, ағаш көлдер және т.б. Одан басқа, құландыны аршу кезінде қызыл және ақ түске сырланған, оюланған ыдыс сынықтары табылды. Сынықтар арасында ыдыстардың ернеулері, кеселердің төп бөліктері, шыңылтырланған құмыралардың бүйірлері көп мөлшерде кездеседі. Оюлар горизонтальді және толқын тәрізді сызықтармен берілген. Мұндай ыдыстар қарахан, хорезм дәуірлерінде және оңтүстік Қазақстанның

XII-XIII ғғ. жататын ортағасырлық қаларында кездеседі. Кейбір қыш өнімдер сауда керуен жолдармен келген, яғни көрші мемлекеттермен сауда саттық қатынастар қарқынды дамыған. Әшекей бұйымдар шыны моншақтар мен мыстан жасалған цилиндр тәрізді моншақпен берілген.

Шахристанның археологиялық зерттеулер жүргізіліп жатқан солтүстік бөлігі XII-XIII ғғ. басында өрт эсерінен жойылғаны анық байқалады. Оған дәлел көптеген көл қалдықтары, күйе іздері бар кірпіштер және құлаған қабырға кесектері. Бұл оқиғадан кейін бөлмелердің планировкасы өзгертіліп, бұрынғы іргетас үстіне жаңа тұрған жайлар тұрғызылды.