Археологиялық барлау
Археологиялық барлау – іздеу және барлау жұмыстары болып екіге бөлінеді. Іздеу кезінде бұрын ғылымға белгісіз болып келген ескерткіштер ашылып, олардың тарихи-топографиялық құрылымы сырттай зерттеліп, ескерткіштің үстінде (жердің бетінде) жатқан заттар жиналады. Іздеу кезінде ешқандай қазба жұмыстарына рұқсат етілмейді. Барлаушыға берілген рұқсат қағазында (лицензияда) іздеу кезіндегі оның құқы мен міндеттері көрсетілген.
Барлау кезінде зерттеуші бұрын іздеу жүргізілген аудандағы жұмыстарды одан әрі жалғастыра отырып жекелеген ескерткіштер, не ескерткіштер тобына қатысты жан-жақты деректер жинап, олардың тарихи-топографиялық құрылымын толықтырып, болашақта қазба жүргізілетін бөліктерін анықтап, олардың көлемін белгілейді. Барлау кезінде шағын көлемді қазба жүргізуге рұқсат етіледі. Сонымен қатар, барлау барысында жаңа аудандар зерттеліп, сол аймақтың археологиялық картасы толықтырылуы мүмкін, не ескерткіштердің жинағына керекті деректер алынады. Барлау жұмыстары рұқсат қағазы (лицензия) бойынша жүргізіледі.