ҰЛЫ ДАЛА МҰРАСЫ: ЗЕРГЕРЛІК ӨНЕР ЖАУҺАРЛАРЫ
Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінің қорында сақталған көне дәуірлерден сыр шертетін тарихи мұралар мен осы күнге дейін асыл қазына болып жеткен жәдігерлер баршылық.
Солардың қатарында алтынмен апталып, күміспен күптелген бағалы металдардан жасалған бұйымдар ерекше көз тартады. Олар өз иелерінің ерекше мәртебесін айқындайды. Бұл құнды жәдігерлер - ¥лы Дала тарихының ескірмейтін естелігі.
Дала өнері орталық Еуразия кеңістігін мекендеген тұрғындардың дүниетанымы мен оның ерекшеліктерін айқын көрсетеді. Көрмеде ұсынылып отырған заттар, ата-бабаларымыздың қатаң қағидалармен ғана шектелмейтін, дүниенің жаңалықтарына бейім, ертеден келе жатқан салт-дәстүрі бар, өзіндік қайталанбас мәдениетін қалыптастыруға деген қабілетін айғақтайды. Әр тарихи кезең өзіндік түрлі техникаларды, материалдарды, қолайлы бейнелерді, сарындар мен сюжеттерін береді. Қашанда дала өнерінің стильдеудегі жоғары шеберлігі, яғни ойды жеткізудегі басты дүниені айқындай білу ерекшелігі басым.
Көрме ерте темір дәуірінен этнографиялық кезеңге дейінгі ежелгі және дәстүрлі өнердің туындыларын ұсынады. Бұл жерден Есік обасынан табылған Алтын адам мен Алтайдың көне қазынасы саналатын Берел қорымының және Орталық Қазақстан аумағындағы Талды 2 обасындағы сақ кезеңінің жерлеу орнынан табылған жәдігерлерді, алтын заттардың топтамасын көре аласыздар. Ежелгі өнер туындыларының жалғасы - қазақ халқының дәстүрлі өнер мұралары болып табылады.
Көрмеде VI- XX ғғ. дейінгі аралықты қамтитын қазақ халқының төл мәдениетін танытатын сәндік-қолданбалы өнер туындылары қойылған.