Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінде ЕХРО-2017 халықаралық көрмесі аясында шымылдығын түрілген «Сақтар алтыны» жаңғыртылған артефактілері халық назарына ұсынылды.

Негізінен көрмеге ж.с.д VII-II ғғ. жататын жәдігерлер қойылған. ҚР Ұлттық музейі мен Орынбор губернаторлығына қарасты тарих-өлкетану музейінің басшылығы өзара келісім бойынша сармат жинақтарынан және танымал қазақстандық реставратор Қырым Алтынбековтың өз колекцияларынан «сақ мәдениетіне» тиесілі үздік артефактілермен танысуға мүмкіндік туғызып отыр. Аталған жәдігерлер Қазақ археологиясы ғылымында теңдесіз қазына саналады.

Жәдігерлердің басым көпшілігі элиталық билеушілер жерленген обалар қатарына жататын Берел, Шілікті, Тақсай, Аржан 2 обаларынан табылған жәдігерлер. Әрбір обадан табылған жәдігер өзіндік қайталанбас мән мен маңызға ие. Берелдің әйгілі № 11 обасынан табылған әшекейлер «аң стилі» мәнеріндегі ерекше көрініске ие. Берел обалар қорымы 1998 жылы зерттеліп, танылған жәдігерлер еліміздің тәуелсіз ел тарихында археология ғылымында орасан зор серпін әкелген тарихи жәдігер болды.

Қазақ жерінен табылған құнды қазыналар бұнымен толастамай, олардың қатарына мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасымен 2003 жылы қазылған Шілікті обалары, соның ішінде ерекше маңызға ие Бәйгетөбе обасынан табылған әшекей алтындар «аң стилді» нақыштың сол замандағы материалдық мәдениеттің дамығанын танытады. Табылған жәдігерлер қазақ мәдениетінің ерте темір дәуірі кезеңіндегі ең құндысы. Ерте көшпелілер мәдениетіндегі сақ үштігінің бірі ­– «аң мәнерлі» нақыш қоғамның көшпелі өмір салтын түсіндірудегі айғақты дәлел. Бұл өнердегі бірін-бірі қайталамайтын, бірақ ішкі үндестіктегі туындыларда (үздіксіз шайқасушы аңдар) мифологиялық іс-қимыл әрекеттер сомдалған әрі, әлемнің құрылымы туралы сақ қоғамының таным-түсінігін береді. Обалар да ерте көшпелілердің шектен аспайтын, шынайы өмір туралы түйсінуімен өзіндік дүниетанымы негізінде жасалып, сол социумға тән танымдық ойға, мазмұнға бағындыра жасалады. Осындай ерекше ескерткіш Батыс Қазақстан облысы Теректі ауданынан табылған ғылыми айналымға «Тақсай ханшайымы» деген атпен танылған текті әйелдің қолы мен мойнындағы алтын әшекейлері, оның жоғары лауазымда болғанын аңғартады.

Ерте көшпенділердің археологиялық кезеңдемесінде «ерте темір дәуірі» деп аталатын сақ дәуірі туралы ғылымда да, көпшілік танымдық әдебиеттеде де жазылған дүние аз емес. Мемлекетіміздің елтаңбасына негіз болған «алтын адам» да, осы археологиялық жаңалық әсерімен жазылған «Томирис» романын, сондай-ақ, парсы-сақ қарым-қатынастары, сақтар жайлы түгелдей дерлік зерттеулер аңыз-әпсаналық мағлұматтар қалың көпшілікке кеңінен таныс.

Көрме Евразия құрлығының ұланғайыр даласында ұлы үндестікте жатқан мәдени-тарихи тұтастықтағы сақ тайпаларының алтыны еліміздің бас қаласы Астана ойыа орын алған ҚР Ұлттық музейінің төрінде қалың көпшілікке танытылуына жол тартуының өзі ерекше мәнге болды. Қазіргі таңда көрме қонақтардың ерекше ықыласына бөленіп, халық тамашалайтын бірден-бір мәдени ошаққа айналды.