Бұқар жырау кесенесі

Сипаттамасы

Шалқар ауылынан солтүстікке қарай 25 км жерде, Далба тауының етегінде орналасқан (Қарағанды облысы, Бұқар жырау ауданы).

Бұқар Қалқаманұлы (1693–1787 ж.ж., кей деректерде 1668–1781 ж.ж.) XVIII ғ. танымал жырау болды. Ол қазіргі Павлодар облысының Баянауыл ауданындағы Далба тауының етегінде дүниеге келген. Арғы тегі Арғын, оның ішінде Қаржас руынан шыққан, ал оның аталары атақты старшындар мен рубасылары қатарына жатқан. Әкесі Қалқаман батыр да ерлігімен және жаужүрек батылдығымен көзге түскен. Халық арасында Бұқар жырау «Көмекей әулие» атанады. Бұқар жырау Тәуке мен Абылайь хандар тұсындағы ықпалды би, абыз, ақыл берер кеңесшісі болды. Тәуке ханның атақты заңдар жинағы «Жеті жарғыны» құруға белсенді атсалысқан.

Бұқар жырау өз замандастарынан әділдігімен, шыншылдығымен ерекшеленді. Ежелден жыраулар қазақ қоғамында жыршы ғана емес, сондай-ақ халық өміріндегі маңызды мәселелерді де шешіп отырған, әрі еркін көшпелілердің мүдделерін жақтаушы болған. Оның толғаулары үнемі көрегендікпен орындалады, жырау көшпелілер қоғамында қандай да бір дәрежеде абыздың қызметін атқарады. Бұқар жырау көптеген терең ойлы, ғибрат аларлық өсиет өлеңдер қалдырды. Бұқар жыраудың өз замандастарынан ерекшелігі шындықты бетің бар, жүзің бар демей, әрқашан тура айтқан. Болашақты болжай білетін көріпкелдік дарыны да болған. Ол өзінің жыр-толғауларында патша үкіметінің алысты көздейтін отаршылдық саясатының зардабы болашақта қандай болатынын күні бұрын сезіп, болжай білді. Бұқар жырау қазақ әдебиеті тарихында көрнекті орын алады. Ол тәуелсіздікті сақтап, нығайту идеясын бейнелейтін көптеген жырлар жазған. Ол – мемлекеттің тұтастығына, оны сыртқы жаулардан қорғауға арналған орасан көп толғаулардың авторы, ұлттық идеологияның жаршысы. Өзінің толғауларында Абылайды прогресшіл мемлекет қайраткері ретінде мадақтайды:

«...Хан Абылай атандың,

Дүниеден шықпай еш мінің,

Алтын тақтың үстінде

Үш жүздің басын құрадың,

Жетім менен жесірге

Ешбір жаман қылмадың.

Әділдікпен жүрдің сен,

Әдепті іске кірдің сен...» дейді.

Бұл өлең жолдары жыраудың айтуынша Абылай хан үш жүздің басын біріктіріп, алтын тақта отырған жетім-жесірлерге көмектесіп, әділ билік жүргізіп отырған хан екенін жырлайды. Бұқар жырау шығармаларының негізгі тақырыбы – туған елге, өскен жерге деген шексіз сүйіспеншілік, отаншылдық, қазақ батырларының ерлігін мадақтау. Ханның кеңесшісі ретінде Абылай ханның саясатына әсер етіп, бірбеткей мінезімен, өз ойын жасырмай, тура айтып отырды.

Бұқар жыраудың қоғамдағы орны жоғары болды. Ол қазақ жерлерімен іргелес жатқан басқа өлкелердің бәрінде Абылайдың қасынан табылды. Оның шығармашылығының гүлденуіне араб тілінен басқа, түркі халықтарының әртүрлі топтарының, сондай-ақ парсы, ойрат (жоңғар) және қытай тілдерін білуі үлкен көмегін тигізеді. Абылай хан жырауды тек қана шешендігі мен «тұрмыстық заңды» білгені үшін ғана емес, сонымен қатар бүкіл халық құрмет тұтып отырған дипломатиялық қабілеті үшін де жоғары бағалады.

Бұқар жырау тек қана «ақсүйектердің» ғана емес, сонымен қатар қарапайым халықтың да жоқтаушы-жыршысы болып танылды. Сыртқы жаулардан қатер төнген кезде халықты жұмылған жұдырықтай бірлікке, топтасуға шақырды. Жырау жауға қарсы азаттық күрес тің қаһармандары – Бөгенбай, Қабанбай, Жәнібек, Олжабай сияқты басқа да көптеген батырларды мадақтап, жырға қосты. Ол Қазақ хандығының өз алдына күшті, бір орталыққа бағынған әрі тәуелсіз мемлекет болуын армандап өтті.

Жыраудың моласын алғаш анықтап, басына тастан белгі қойып кеткен белгілі ойшыл, фольклортанушы, этнограф – зерттеуші Мәшһүр-Жүсіп Көпеев болды. Ол Бұқар жыраудың шығармаларын жинақтап, қолжазба қорына өткізеді. 1993 ж. Бұқар жыраудың 325 жылдық мерейтойы салтанатты түрде аталып өтіліп, ұлы абыздың жерленген Далба тауының етегінде архитектор А.Сәуменов сызбасын жасаған кесене салынады.

Кесене биіктігі 12 м жетеді. Табаны үш таған болып келетін бұл кесене қазақтың ұлттық бас киіміне ұқсас келеді де, кезінде ұлы бабамыз аңсап кеткен үш жүздің, бүкіл елдің бірлігін бейнелейді. Күмбездің ұшар басына Қазақстандағы көптеген кесенелерді безендіргенде пайдаланылған алтын жалатқан ислам дініне тән жарты ай белгісі қондырылған. Кесененің іші және сырты ақ мәрмәрмен көмкерілген.

Халық абызының еңбектері енді-енді ғана терең зерттеле бастады, десе де оны жан-жақты бағалау мүмкін емес, себебі оның көбісі мұрағат қорларында ұзақ сақталғандықтан, оны оқу көп қиындық келтіруде, ал біздің қолымыздағы бары ақын шығармаларының бөлшектері ғана болып отыр. «Ана тілі» газетінің 1990 ж. шілденің 12 күні шыққан санында белгілі әдебиеттанушы Ақселеу Сейдімбеков ұлы бабамыздың Пекиннен алынған қолжазбасын алғаш рет жариялайды. Бұл шығарма Пекин қаласындағы Байырғы Манжың патшалығының қоймасы аталатын Хуаңшишың сарайынан табылды. Сақталынып келген асыл мұраны тапқан белгілі тарихшы Мұхтархан Оразбайұлы, ол сол қоймаға маман ретінде шақырылып, жұмыс үстінде 990 беттік қазақ өлеңдеріне тап болады. Соның ішінен 940 жолдық Бұқар жыраудың 36 толғауын көшіріп алады. М.О. Әуезов атындағы әдебиет және өнер институты 40 мың данамен Бұқар жырау шығармаларын жеке кітап етіп жарыққа шығарды. Онда Академияның қолжазба қорындағы толғаулармен катар Ш. Уәлиханов, Г. Потанин, М.Ж. Көпеевтің оған арнаған аңыздары мен әңгімелері, Пекинде сақталған асыл мұрасы жарық көрді. Жыраудың нақыл сөздері мен жыр -толғауларының сақталуына М. Әуезов пен С. Сейфуллин де үлес қосқан.

Оның толғауларында өмірдің мәні, дүниенің баянсыздығы жөніндегі философиялық ойлар жиі айтылады.

Бүгінде Бұқар жырау мазары – тарихи тұлғаға қатысты қасиетті жер болып саналады.

Нысан жергілікті маңызы бар архитектуралық ескерткіш.

Деректер

  1. Қуанғанов Ш.Т. Бұхаржырау және оның заманы. – Алматы: Республикалық «Мұрагер» қоғамы, «Ғылым» баспасы, 1992. – 48 б.
  2. Магауин М. Поэты пяти веков: казахская поэзия XV – начала XX веков. - Алма-Ата: Жазушы, 1993. – 331 с.
  3. От Алтая до Каспия. Атлас памятников и достопримечательностей природы, истории и культуры Казахстана. Ред. колл. И.В. Ерофеева, Б.Т. Жанаев и др. – Алматы: изд-во: Издательская группа ТОО «FOND DESICN», 2011. – Т. 1. – 584 с.
  4. Төреқұл Н. Великие ораторы степей. – Алматы: Қазақстан, 2006. – 592 с.
Толығырақ

Суреттер


Кіру