Ботағай кесенесі

Сипаттамасы

Ботағай кесенесінің қираған үйінділері Нұра өзенінің сол жақ жағасында, оның Қорғалжын көліне құятын тұсынан 30 км қашықтықта, Ақмола облысының Қорғалжын ауылынан шығысқа қарай 1 км жерде орналасқан.

Ботағай кесенесінің атауы әр түрлі айтылады: Батоғай, Ботақай, Бұтағай, Татағай, Татақай, Тотағай, Тотоғай. Жергілікті халық оны Бытығай деп атайды. Бытығай туралы Қорғалжын ауылының байырғы тұрғыны Ермек Әбенұлы Нұрпеисовтен (1937–1995 ж.ж.) 1974 ж. жазып алынған аңыз бар.

Аңыз бойынша: «Ерте замандарда шебер ұста-құрылысшы, алып Бытығай есімді адам өмір сүріпті. Ол кедей екен, сондықтан өзінің қолөнерімен ғана күнелтіпті. Оған екі қолтығына екі бөрене қыстырып алып, Нұра өзенінен аттап өту түк емес екен. Әлдебір хан көзі тірісінде өзіне кесене салуды ұйғарып, сол үшін ұста Бытығайды шақырады.

Бытығай құрылысқа кірісіп кетеді де, көп ұзамай Нұра өзенінің жағасында керемет, әсем өрнектелген кесене бой көтереді. Кесененің зәулім екені соншалық, көлеңкесі мазардан 1 км қашықтықта ағатын өзенге дейін жетеді екен. Хан шеберлігі үшін ұстаның ісіне тәнті болады. Ал Бытығай сол арадан көпір сала бастайды, қазір де ол Бытығай өткелі деп аталады. Көпірді салу кезінде жазатайым жағдай болады. Көпірдің бөренесі ұстаның үстіне құлап, ол дүние салады.

Хан қайғырып, халықты жинап: «Бытығай тамаша адам және керемет ұста еді. Маған арнап салынған кесенеге соны жерлеуді ұйғардым. Есімі халықтың жадында мәңгі қалсын» – дейді. Біздерге ұста Бытығай туралы естелік Бытығай тамы, Бытығай өткелі, Бытығай соры деген атаулармен жетсе, ал ханның есімі ешкімнің де есінде қалмаған». (Автордың далалық материалдарынан, 1974 ж.).

Ботағай кесенесі туралы ең алғашқы жазбаша хабарды 1762 ж. Орынбор экспедициясы канцеляриясының меңгерушісі П.И. Рычков береді: «Татағай Қырғыз-қайсақ ортаңғы ордасындағы үлкен қаланың қирандылары, ол Қорғалжын көліне құятын Нұра өзенінің бойына орналасқан қала. Қорғалжын көлі сол өзеннің сағасынан отыз шақырымдай жерде. Белгілері бойынша, осы қаланың көлемі он шақырымдай болған, сондай-ақ бұл жерден сарайларға ұқсаған төртбұрышты үйлер көрінеді, олардың көптігі (үлкендігі) соншалық – округта үш жүз сажындай. Онда бір мешіт және көптеген қираған тас құрылыстар бар. Қырғыздардың айтуынша, мұнда көне замандарда Ноғайлар тұрған».

П.И. Рычков келтірген сипаттамада елеулі дәлсіздік (қателік) жіберілген. Зираттар кешенінің қирандылары «қаланың қираған орындары», ал бұзыла бастаған кесене мешіт болып қабылданған.

1816 ж. Нұра, Жақсы Көң, Жаман Көң өзендерінің аңғарларындағы көптеген архитектуралық құрылыстарды зертте- ген тау-кен инженері И.П. Шангин Ботағай кесенесі туралы былай жазады: «ол кірпіштен тұрғызылған; ішінде орналасқан бағаналар алебастр сылақпен сыланған, қабырғаларымен бірдей, төртбұрышты қарағай бөренелермен қиюластырылған, көлденеңінен екі тұтам (вершок – 4,4 см), берік болуы үшін күйдірілген және қамыспен жабылған».

Ботағай зираттар кешені туралы мәліметтер генерал-майор С.Б. Броневскийдің мақаласында бар, ол: «Үлкен қала Татағайдың немесе Ботақайдың қирандылары, Нұра өзенінің сағасында, өзеннің көлге құятын тұсынан 30 верст жоғары орналасқан; оның арғы жағында көл бар. Қаланың көлемі 10 версттен асады» – деп жазады да П.И. Рычковтың жоғарыда келтірілген сипаттамасын береді.

Мұндай сілтеме генералдың зираттар кешеніне бармағанын және кесенені көрмегенін білдіреді. Оны С. Броневскийдің жүзбасы А. Шахматовқа берген тапсырмасы растайды. 1831 ж. әскери-стратегиялық тапсырманы орындау кезінде жүзбасыға қазақ даласын дұрыстап қарап шығу, сондай-ақ «Татағай қаласының көне қирандыларын сипаттау» тапсырылады. Тапсырма орындалады да, жүзбасы Шахматов басшыларға «ежелгі Татағай ғимаратының суретін ерекше сипат- тамамен» береді. Бұл ретте ол көне қаланың белгілерін таба алмағанын баян етеді.

Ботағай кесенесі туралы біршама толық мәліметтерді Н.И. Красовский береді: «Нұраның төменгі жағындағы жерлерді жүзбасы Шахматов көз мөлшерімен 10 верстті 1 дюйммен түсірді (1830–1831 жж.). Оның жазбасы бойынша Ботақай моласы толық дерлік сақталған. Мазардың кірпішті корпус негізінің ұзындығы 5 сажын, ені 4 сажын; биіктігі 3, корпус үстінде тұрған күмбезіне дейін 2, барлығы 5 сажын, корпустың ішінде сондай- ақ тікбұрышты негізі бар; мазар қабырғасы бойынша 3 үлкен ниша, олардың әрбірінің үстінде үш кішісі бар; қабырға іші сыланып, ақталған. Күмбездің негізінде 4 тесік бар, оның әрқайсысының биіктігі 1 аршын, ені 3/4 аршын. Мазардың негізінен екі қатар қырлы бөрене қаландысы байқалады, оны жақын шатқалдан әкелуі мүмкін. Кірпіштің пішіні төртбұрышты, әр бір жағы бойынша алты тұтам, қалыңдығы бір тұтам. Осы мәліметтер мен жоспары бойынша Ботақай мазарын бас штабтың архивінде № 33363 нөмірімен сақталған 7 дәптерден тұратын Сібір казактары әскері жасаған далалық өңірдің топографиялық сипаттамасынан табуға болатын сияқты».

XIX ғ 50-шіж.ж. Қазақ даласындағы ескерткіштерге Ш.Ш. Уәлиханов назар аударады, ол Сарыарқаның мемориалдық архитектурасының құрылыстарына жоғары баға береді және былай деп жазады: «… түріктердің …қалалары болған және онда өздерінің отырықшылықтары, байлығы мен саудасы туралы ескерткіштерін қалдырған. … Осыдан кейін, Ұлытау маңындағы шеті көрінбейтін далада, Кеңгірде өздерінің құрылысымен таңдандыратын көптеген молалардың болуы ғажап емес, олар: Қамыр хан, Алаша хан, Домбаул (әулие), Болған ана және басқалары…Осы молалар бүкіл өңірде, Нұрадан басқа жерде қайталанбайды, онда өзен сағасынан алыс емес жерде Ботағай моласы орналасқан, оның құрылысы туралы мен дұрыс ештеңе білмеймін».

Ескерткішті бір кездері атаған немесе сипаттаған барлық авторлардың ішінен, оны тікелей тексеріп шыққандарды атап өтетін болсақ, олар: 1816 ж. И. Шангин, 1831 ж. А. Шахматов, 1840 ж. топограф Козлов Нұра өзенінің бойын топографияға түсіру кезінде бірқатар архитектуралық ескерткіштерді тіркеді. Әрі сенімді түрде мынадай толық жорамал жасауға болады: К. Миллер 1738 – 1739 немесе 1742–1743 ж.ж. сол ескерткішке барған және оны бірінші болып сипаттап жазған. Олардың барлығы Ботағай кесенесінің біршама жақсы жағдайда екенін көрген. Кесененің негізгі фасады ғана бүліне бастаған. Зақымдалғанына қарамастан XIX ғ. соңына қарай ескерткіш бүтін құрылыс ретінде қабылданған, ескерткіштің архитектуралық- көркемдік құндылығын, зерттеушілер де,сондай-ақ ескілікке қызығатын әуесқойлар да бағалаған.

1974 ж. Ботағай кесенесіне Қазақ КСР-і ҒА Орталық Қазақстан археологиялық экспедициясы зерттеу жүргізеді (жетекшісі академик Ә.Х. Марғұлан). Құрылыстың қалдықтары сопақша келген, солтүстік-шығыстан оңтүстік-батысқа қарай созылып жатқан, диаметрі 30 метрдей, биіктігі 2 метрге жуық төбе күйінде болған. Ескерткіштің бетінде және ескерткішті қоршаған айналада жақсы күйдірілген қызыл кірпіштің сынықтары шашылып жатқан. Ботағай кесенесінің қираған орындарынан оңтүстік-батысқа, әсіресе оңтүстікке қарай аласа топырақтан үйілген көп молалар, сондай-ақ көлемді зират кешенінің қабір үстіндегі құрылыстарының қалдықтарына жататын төбелер қарайып тұрған. Ботағайдан солтүстікке қарай 12 метр жерден кірпіш күйдіретін еден үстілік пештің қалдықтары байқалады.

Негізгі фасады алдына жүргізілген қазба барысында ашылған алаң шағын болғанымен, табылған өсімдікті өрнекті ой- мышты терракоталық сталактиттер бірегей болып табылады. Осы сталактиттер қабырға қаландысынан есіктің сүйірлі аркасына өтер жеріндегі кіре беріс есік нишасына, сонымен қатар ғимарат интерьеріндегі күмбездердің қолтықтарына пайдаланылған. Осындай түрдегі сталактиттер Тимдегі Араб ата кесенесінде қолданылған (Өзбекстан). Өсімдік түріндегі өрнекті терракоталық тақталардан басқа, қазба жұмыстарының нәтижесінде геометриялық сурет салынған екі тақтаның сынықтары және сұлтан таңбасы бейнеленген, қалыңдығы 5 см, күйдірілген кірпіштің сынығы табылды. Ою-өрнекті терракоталардың табылған сынықтары кесенені безендіруге қолданылған тақтаның бес түрі болғандығы жайлы айтуға мүмкіндік береді. Табылған заттар бойынша кесенені салу кезінде пайдаланылған кірпіштердің өлшемдері анықталды: 22х11х4,5 см; 22х11х4 см; 35х22х5 см, сондай-ақ төрт-бұрышты 22х22х5 см; 22х22х4 см. 1974 ж. табылған көлемі 21,0х17,4 м қаланды Ботағай кесенесінің корпусы үшін тұғырнама болып табылады. Зерттеушілердің жариялаған деректері мен Ботағай кесенесін зерттеу материалдарының негізіне сүйене отырып, ол сегіз қырлы бөлігіне жарты сфералық күмбез орнатылған, порталды-күмбезді құрылыс болған деген жорамал жасауға болады. Кесененің негізгі фасады оңтүстік- батысқа қаратылған. Ғимараттың қабырғаларын тұрғызуда төртбұрышты және тікбұрышты кірпіштер тізбектеліп қаланған, тікбұрышты кірпіштер қырынан және жатқызылып қаланған. Кесене құрылысшылары ғанышты, яғни алебастр ертіндісін пайдаланған. Ботағай мазарының алаңын қалау әдістеріне және осы өңірдегі алтынордалық кесенелердің ұқсастықтарына қарағанда, ескерткіште іргетас болмаған. Іргетастың орнына, ескерткіш тұрғызылатын жердің топырағына мұқият таңдау жүргізілген. Ол қатты жыныстардан құралуы және ылғалды оп-оңай өткізуі керек болған. Қабырғалардан күмбездің арқауына ауысу сүйірлі аркалардың сегіз қырлы ярусымен жүргізілген. Сегіз қырлы ярустың үстіндегі күмбездің төменгі жағында және қабырға үстіндегі ярустың ширек бөлігінде өсімдікті оймышты өрнекті сталактиттер болған. Сызбаларға қарағанда сегізқырлы материалдың бұрыштарына кірпішті бағаналар қойылған, сондай бағаналар Бұхара қаласындағы Саманидтер кесенесінде (IX–X ғ.ғ.) және Тим елді мекеніндегі (Өзбекстан) Араб ата кесенесінде кездеседі, олар тегістелген кірпіштерден қаланған және жоғары қарай жуандап барып аяқталған. Интерьердің төрт қабырғасында ғимараттың негізгі осьтері бойынша біршама терең аркалық нишалар орнатылған, олардың табаны қабырғалардың негізіне тіреледі. Ескерткіштің күмбез деңгейіндегі жоспары, жартылай сфералық күмбездің сегізқырлы барабанға орналасқанын көрсетеді. Ғимараттың осьтері бойынша күмбезде төрт терезенің ойығы болған.

Оңтүстік-батысқа қараған негізгі фасадының композициясы жартылай дөңгеленген аркамен жабылған, ортасында үлкен нишасы бар көлемді порталдан тұрады. Нишаның қуысына ағаш маңдайшамен жабылған, тікбұрышты есік орны орналастырылған. Кіру есігі бар портал қабырғасының айрықша беті «П» тәріздес белбеуше түріндегі тік және көлденең сызықтармен бөлінген, ол эпиграфиялық фризбен толтырылған. А. Шахматов кезінде Ботағай кесенесіндегі фризді жазуларды анықтаған болатын. Өсімдік суреттері салынған ою-өрнекті сталактиттерге қарағанда, эпиграфиялық фриздегі жазу «куфи» немесе «гүлденген куфи» қолтаңбасымен жазылған.

Зерттеу жұмыстары кезінде табылған өсімдіктердің суреттері мен геометриялық өрнектер ойылған терракота тақталарының Қазақстан ескерткіштерінде ғана емес, бүкіл Орта Азияда теңдесі жоқ екенін айтып өткен жөн.

Деректер

1.Антончев Н. Шангин – исследователь Приишимья // Нива. – 1991. – № 2. – С. 38–45.

2. Археологическая карта Казахстана. Реестр / Е.И. Агеева, К.А. Акишев и др. – Алма-Ата: Изд-во АН КазССР, 1960. – 450 с.

3. Броневский С.Б. Записки о киргиз-кайсаках Средней Орды // Отечественные записки. – 1830. – Ч. 43. – 500 с.

4. Валиханов Ч.Ч. Несколько маршрутов Потанина // Собр. соч. в пяти томах. – Алма-Ата: Гл. ред. Казахской советской энциклопедии, 1964. – Т. III. – 415 с.

5.Валиханов Ч.Ч. О киргиз-кайсацких могилах (молах) и древностях вообще // Собр. соч. в пяти томах. – Алма-Ата: Гл. ред. Казахской советской энциклопедии, 1964. – Т. III. – 415 с.

6.Валиханов Ч.Ч. Биографический материал // Собр. соч. в пяти томах. – Алма-Ата: Гл. ред. Казахской советской энциклопедии, 1968. – Т. IV. – 663 с.

7.Валиханов Ч.Ч. Зарисовки, этюды и чертежи… // Собр.соч. в пяти томах. – Алма-Ата: Гл. ред. Казахской советской энциклопедии, 1972. – Т. V. – 527 с.

8.Кастанье И.А. Древности Киргизской степи и Оренбургского края // ТОУАК. – 1910. – Вып. 22. – 332 с.

9.Красовский М. Материалы для географии и статистики России, собранные офицерами Генерального штаба. Область Сибирских киргизов. – СПб., 1868. – Ч. III.– 264 с.

10.Левшин А.И. Описание киргиз-казачьих, или киргиз-кайсацких, орд и степей. – Алматы: «Санат», 1996. –656 с.

11.Маргулан А.Х. Из истории городов и строительного искусства древнего Казахстана. – Алма-Ата: Изд-во АН КазССР, 1950. – 122 с.: ил.

12.Маргулан А.Х., Акишев К.А., Кадырбаев М.К., Оразбаев А.М. Древняя культура Центрального Казахстана. – Алма-Ата: Наука, 1996. – 436 с.

13.Масанов Э.А. Очерк истории этнографического изучения казахского народа в СССР. – Алма-Ата: Наука, 1966.– 322 с.

14.Назаров Ф.М. Записки о некоторых народах и землях средней части Азии. – М.: Наука, 1968. – 66 с.

15.Поездка Поспелова и Бурнашева в Ташкент в 1800 году //

Вестник РГО. – 1851. – Ч. I, кн. 1. Отд. IV - С. 1–56.

16.Рычков П.И. Топографія Оренбургская, то есть обстоя тельное описаніе Оренбургской губерніи, сочиненное Коллежскимъ Советникомъ и Императорской Академіи Наукъ Корреспондентомъ Петромъ Рычковымъ. Часть первая и вторая. — СПб.: при Императорской Академіи Наукъ, 1762. – 595 с.

17.Семенов Л.Ф. Материалы к характеристике памятников материальной культуры Акмолинского округа // Вестник Центрального музея Казакстана. – Алма-Ата, 1930. – № 1. – С. 77–87. ЦГА РК, ф. 338, оп. 1, д. 714.

18.Шангин И.П. Извлечение из описания экспедиции, бывшей в Киргиз-Кайсацкой степи в 1816 году // Сибирский вестник. – 1820. – Ч. XI.

19.Штендер Г.М. К вопросу о декоративных особенностях строительной техники Новгородской Софии (По новым материалам исследований) // Культура средневековой Руси. – Л., 1974. – С. 202-212.


Толығырақ

Суреттер


Орналасқан жері

Кіру