«Таңбалының» тылсым сыры

Алматы облысы Жамбыл ауданының батыс аумағында орналасқан «Таңбалы» мемлекеттік тарихи-мәдени және табиғи қорық-мұражайын исі қазақ баласы тегіс білетін болар. Біз түгілі әлем жұрты тамсанып, арнайы келіп тамашалап жатады. 

Олар біздің ұлы далада сонау қола дәуірінде осыншама мәдениеттің болғанын мойындап, өз көзімен көргісі келгендіктен, жиі ат басын тірейді. Бірде мұражай күзетшісінен: «Аға, бұл жерге сол баяғыдай шетелдіктер көп келе ме?» деп сұрағанымда:
– Иә, жергілікті адамдардан гөрі шетел­діктер көп келеді, – деді. Мұны­мыз дұрыс емес-ау. Таңбалының терең тариxына қонақтан көрі біз қанық бол­ғанымыз дұрыс шығар. Негізі осы жерге оқушыларды жиі алып келуге мектептерді міндетті қылу керек сияқты. Оқушылардың санасына сіңіріп өсіруге әбден лайық құндылықтың бірі ғой. Бүкіл әлемдік мұралар тізіміне енген мекен кез келген елден табыла бермейді. Ашық аспан астындағы мұражайға кезекті іссапармен бардық. Мен өзім 2011 жылы осы «Таңбалы» мұража­йын­­да 6 ай бас инспектор болып жұмыс атқарған едім. Әлем жұртшы­лы­ғын қызықтырған тамыры терең «Таңбалыны» көрмегелі 6 жыл болған екен. Жалпы мұражай аумағынан жүзге тарта әртүрлі дәуірге жататын ескерткіштер табылған. Сараптамаларға жүгіне отырып б.з.д. XIII-XIV ғасырдың ортасынан бастап XIX-XX ғасырларға дейінгі кезеңдердегі қоныстар, қорымдар екенін аңғарамыз. Ескі заманның қабірінен табылған қыш ыдыстарының түпнұсқасын, ежелгі тас қашау орындарын, жартас суреттерін көпшілікпен бірге аралап шықтым. Жартастағы қашалып салынған бейнелерге ерекше құрметпен таңдана қарасаңыз, бейнелер сөйлейтіндей.
Біздің қоғамдағы «Мәңгілік ел» деп жүрген ұғым қола дәуірінен түркі дәуіріне дейінгі тіршілік еткен бабалардың арманы сияқты. Кім білсін, тіпті одан да арыдан бас­тау алар. Жартастағы бөрілі байрақ көтерген, ту желбіреткен салт атты жауынгердің бейнесі, тау текенің, қарақұйрықтың, теңбіл бұқаның және билеген немесе әлде бір бақсылық әрекеттің бейнелеріне қарап ойға батасың. Адамзаттың мәңгілік ғұмыр кешуі мүмкін емес екенін, тек өткеніне қанық, болашағына айқын бағыт керектігін түсіну және оған мойынсыну ұғымы жатқандай. Олар өз дәуірінің өнері мен мәдениетін тастарға жазып бүгінгі бізбен сөйлесіп жатыр. Осы қола дәуіріндегі өзіндік мәдениетті, наным – сенімді бізден кейінгі бірнеше мың жылдан соң ұрпақтарымыз біліп жүрсе «Мәңгілік ел» деген міне, осы.
Бұл өңірде қазақ халқы тарихының іздері, сонау қола дәуірінен бүгінгі күнге дейін сайрап жатыр. Жоңғарларға қарсы Аңырақай шайқасы да осы «Таңбалыдан» сәл төмен жерде болған. Атақты Кенен Әзірбаевтың жырларына арқау болған өңірмен іргелес жатыр. «Таңбалы» көнеден бізге жалғасып келе жатқан ұлы даланың төл өнер туындысы. Тасқа жазылған біздің шежіре. Ұлы дала галереясы. Осы мәдени мұрамыздың баға жетпес құндылығын сезініп жүрейік, ағайын!

Бақтияр АЙТАЛЫ
Алматы облысы
Жамбыл ауданы

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Close