Отырар қасіреті: Қаһармандық танытқан Қайырхан

Бұл тақырыпқа жазсам ба, жазбасам ба деп көп ойландым. Оған себеп те жоқ емес. Ең басты себеп – бұл тақырып төңірегінде дай-дай айтыстың көптігі, тіпті бүкіл жержүзілік сәнге айналды десе болады. Сондықтан мұндай айтыс-тартысқа араласудың өзі кісіге абырой әпермейді.
Сөйтіп жүргенде күтпеген жағдайға тап болдым. Кезекті кітабыма керекті мәліметтер іздестіріп интернет парақшаларын ақтарып отырсам, сайттардың бірінен ерекше ескерткішке көзім түсті. Бір қолымен беліне байланған қылыштың сабын қапсыра ұстаған, алға қарай созылған екінші қолының сұқ саусағымен әлдене жаққа ишара жасаған батыр тас тұғырда кеудесін жоғары көтере алысқа нық қарап тұр. Өзін ұстау мәнері, оның тегін адам емес екенін аңғартады. Суреттің астына үңілсем, «Үргеніш қаласындағы Жалел ад-Диннің ескерткіші» деп жазып қойыпты.

Өз көзіме өзім сенбей тағы да анықтап қарадым. Жоқ, көзім алдамапты, ­«Жалел ад-Дин» деп тайға таңба басқандай ­жазулы тұр. Сонда бұл кім болды екен деп отырған шығарсыз? Айтайын. Жалел ад-Дин Менгуберді – әйгілі Хорезм­шах Мұхаммедтің мұрагері, Хорезм мемлекетінің соңғы билеушісі. Отанын моңғол шапқыншылығынан қорғаған һас батыр. Басқыншы Шыңғысханға бас имей он жылдан астам уақыт бойы арыстанша алысып, ақыры 1231 жылы күрдтердің опасыздығынан қаза тапқан қаһарман.
Ең ғажабы өз ағамыз өзбектер қайсар жүректі ұлы бабаларының алдында қарызда қалмапты. Жалел ад-Динге өзі қорғаған Үргеніш қаласының төрінен зәулім ескерткіш орнатып, оның жасаған ерлік ісін мәңгі өшпестей етіп тасқа қашапты. Осы ретте Өзбекстан мемлекеті 1999 жылы баһадүр бабаларының 800 жылдық мерейтойын үлкен ұйымшылдықпен сырнайлатып-кернейлетіп атап өткенін айтып өтсек артық емес. Ал 2000 жылы оның құрметіне ерлік пен батырлықтың үлгісін көрсеткен әскери қызметкерлерге берілетін «Жалоладдин Менгуберди» орденін тағайындады. Әрине, «Бәрекелді!» дейміз. Бұл нені көрсетеді? Бұл – өзбек ағайындардың парасат-пайымының жоға­рылығын, өз тарихы мен тарихи тұлға­ларын лайықты құрметтей алатынын, жас өзбек патриоттарын сол тарихи тұлғаларының ерлік істері үлгі­сінде тәрбиелеп, өнегеге баулып жатқа­нын көрсетеді. Бұл, сөз жоқ, ел болғысы келе­тін, ерлікті, өрлікті көксеген ұлттың таңдауы. Сүйінесің, қызығасың, қызғанасың!
Енді өзімізге келейікші. Ежелден еркіндік аңсаған Қазақ елінің бұл тұрғы­дағы бәсі қандай дәрежеде? Өкі­нішке орай, біз өз тарихымыз бен тарихи тұлға­лары­мызды, ұлттық құндылық­тары­мыз­ды тиісінше бағалау, құрметтеу, даңқын асқақтату, жас ұрпақты солардың қаһар­мандық ісі үлгісінде тәрбиелеу мәселесіне келгенде шамадан тыс салқындылық танытып жүрген сияқты көрінеміз. Солқылдақ мінез көрсетіп жүргендейміз.
Осыны ойлағанда, әлгі өзім жазсам ба, жазбасам ба деп жүрген тақырыпты біржола жазып тастауға бел байладым.
Тарихта ғасырлар жүгін арқалап, артында өшпес із қалдырған ұлы тұлғалар аз емес. Ол – адамзаттан ақылы асқан ғұлама, қаһарынан жер қайысқан жаһангер немесе бүтін дүниені бір-біріне соғып төңкерген революционер болып тізіле береді. ­Дегенмен, ғылыми философияға сенсек, бұл уақытша өмірде уақыттан асқан қатал сыншы жоқ. Күні кеше мерейі көкте, есімі көптің аузында жүрген кісің қоғам мен жүйе бір аунап түскенде сол уақыттың елегінен өтпей қалуы әбден мүмкін. Оған мысалдар жеткілікті. Ал енді арадан ғасырлар өтіп, небір аласапыран дауылдар мен жауындарды бастан кешсе де қадір-қасиеті бір мысқал да кемімеген, қайта уақыт алға жылжыған сайын халықтың құрметі мен ілтипаты арта түсетін ерекше тұлғалар болады. Олардың есімдерін ұмыттыру үшін қаншама талпыныс жасалды, алайда ұлт үшін осы бір қадірлі есімдерді халық жадынан бәрібір өшіре алған жоқ. Ендігі өшіре алмайтын да шығар. Мінеки, өшпес ерліктің өнегесін көрсетіп, әлемдік тарихнамадан ойып тұрып орын алған сондай сирек есімнің бірі де бірегейі – ұлы Отырар қаласының даңқты әкімі Қайырхан.
Қайырхан кім? Ол тарихта қандай ісімен қалды? Қайырхан есімі әртүрлі тарихи еңбектерде «Отырар ойраны» атанып кеткен және қазақ тарихындағы елеулі оқиғалардың бірі болып табылатын Отырар апатымен тікелей байланысты. Бұл оқиға ХІІI ғасырдың басында қазіргі Орта Азия мен Қазақстанда мекендейтін халықтарды тізе бүктіру үшін Шыңғысхан бастаған қанқұйлы моңғол шапқыншылығына қайсарлықпен қарсы тұрып, ұлы Отырар қаласын 6 ай бойы жауға бермей, жанкештілікпен қорғаған ерендердің ерлігі мен өрлігі жайындағы үлкен хикая.
«Отырар ойранын» мейлінше әділ бағалап, шыншыл баяндайтын сол уақыттан жеткен көнекөз деректерде оны былайша тәпсірлейді:
Отырардың тақау төңірегі кең дала теңіздей толқыған сансыз әскерге толып кетті, сауыт жапқан аттардың кісінеген дыбысы, мұздай құрсанған, арыстан кейіпті адамдардың айғайы аспанға таласты… Сол кездің рәсімі бойынша алдымен шаһардың қарсылықсыз берілуі туралы сөз салынды, елші аттандырылды. «Қарсылықсыз берілсеңдер, қаланы қиратпаймыз, өздеріңді өлтірмей аман алып қаламыз» десті. Бірақ ешқандай келісімнің болуы мүмкін емес еді. Себебі Отырардың әкімі Қайырхан моңғолдармен қарым-қатынас жасау өте қауіпті, олар екіжүзді, сұрқия, аяушылығы жоқ қатыгез, аяр халық әрі қаңлы-қыпшақтардың досы емес, жауы деп білді. Қалай дегенде, моңғол әскерінің хайуандықтан жасалған қиратушылық, ойрандатушылық іс-әрекеттері отырарлықтарға жақсы мәлім еді. Сөйтіп, олар өліспей беріспеуге бекінді. Қамал қабырғаларының беріктігі, әскерінің сайдың тасындай іріктелген жігіттерден жасақталғаны да оның сенімін күшейте түсті. Оның үстіне Үргеніштен көмекке 20000 қосымша күштің шыққаны туралы хабар да жасақтың еркіне жігер қосты, алған бетінен қайтпауға үндеді. Алайда, көп ұзамай аласапыран сұмдықты өз көзімен көруге және жанынан түңілуге мәжбүр болды.
Қала тынымсыз атқылаған тас топтар мен гүрсілдеп жарылған отты най­зағай астында қалды… Қаншама құрылыс нысандарын қиратып, таяу төңіректегі шаһарды өртке ораған, қарулы және қарусыз қаншама жанға шығын әкелген бұл үрейлі ұрыс машығы бірнеше күнге созылса керек. Содан кейін қала қа­бырғасына тікелей шабуыл басталды. Екі жақтан бірдей жанталас, айқай-шу, тірі қалу үшін арпалыс… Ұлы Отырардың биік те берік қабырғалары шыдап бағады. Арадан апталар, айлар өтті. Үргеніштен күткен қосымша күш туралы хабар бос сөзге айналып, үздіксіз атылған от пен топ, мың сан ысқырған жебе астындағы қорғаншылардың көңілін күмән жайлай бастайды. Қаладағы моңғол жансыздары Отырардың су көзіне апаратын жер асты жолын біліп қалып, амалын тауып оны сыртынан бекітіп тастайды. Соның кесірінен азық-түлік таусылып, су тапшылығы орын алады. Содан кейін жағдай мүлдем ауырлап кетті. «Азық таусылды. Адамдар аштан қырыла бастады. Қаланың көшелері мен аулалары өлікке толды» деп жазады көне жәдігерлер. Деректерге сенсек, отырарлықтар екі ай бойы нәр татпаған.
Осылайша отырарлықтар тығырыққа тіреліп, үміт кесілген шақта ендігі қарсыласуды бекершілік деп түсінген түменбасы Қараджа – Қажып (Қараша – Хажып деп те жазылады) қорғанысты тоқтатып, кеңшілік сұрап, жауға берілу туралы ұсыныс жасайды. Алайда Отырар әкімі келтесінен қайырады: «Егер өзіміздің сұлтанымызға опасыздық жасасақ, қарабет боламыз және бүкіл мұсылман қауымының қарғысына ұшыраймыз» деп жауап береді. «Қараджа – Қажып қарсы уәж айтпастан, тек қараңғы түсуді күтті. Сосын күн ұясына батып, төңіректе қара түнек басқан шақта, тосынан көтеріліп, Сұпы – Қан (Суфи – Хан) қақпасынан шыға берді» деп баяндайды деректе. Сол сәтте аңдысын аңдып жатқан моңғолдар Қараджа – Қажыпты тосынан тұтқынға алады.
Осы тұста айта кету керек, бірқатар зерттеушілер Қараджа опасыздық жасап, моңғолдармен астыртын келіссөз жүргізді, ақыр соңында Сұпы – Қан қақпасын ашып берді деп айғақтайды. Алайда осы оқиғадағы ең негізгі дерек көзі – Жувейнидің еңбегінен аңдалатындай, Қараджа опасыздық жасамаған, тек аш-жалаңаш үмітсіз жағдайдағы қамалдан қашып шығып, бас сауғаламақ болғанға ұқсайды. Күндіз-түні қамалдағы қалт еткен қимылды бағып отырған моңғол жасақтары, оны тұп-тура дарбаза ашылған сәтте тұтқиылдап тап беріп, қолға түсірген. Тұтқынға алынған Қараджа – Қажып пен қасындағы тағы бірнеше лауазымды нөкерлерімен қоса Өкетай (Үгедей деп жазылып жүр) мен Шағатайдың алдына жеткізеді. Ханзадалар алғашқыда оны жақсы қарсы алып, өлтірмеуге уәде береді. Қараджа – Қажып сол кезде пұшайман халге түсіп, бағыныштылық танытып, қызметке сұранады. Бұл жағдайды арап-парсы деректерін қопарып, түбегейлі зерттеген француз тарихшысы К.Д.Оссон өзінің «От Чингизхана до Тамерлана» деген (Алматы, «Санат»., 1996 ж.) еңбегінде былай баяндайды: «Қараджа түн қараңғылығын пайдаланып, таңдаулы жасағымен қаладан шығады, бірақ сәтсіздікке ұшырап, қолға түседі. Жанын сақтау үшін Шыңғысханның құзырына қызметке кірмек ниетін білдірген». Әрине, көне жазбалардан басқаша қорытынды жасау мүмкін де емес. Ханзадалар тұтқындардан мұхият жауап алады. Қоршаудағы қамалдың жай-жапсары, жалпы ішкі ахуал, адамдардың көңіл-күйі, әскер күші туралы сұрап, жағдайды түп-түгел біледі. Содан соң айтыпты: «Сен өзіңе алған міндет-парызыңды аяқ асты қылып, басыңа төккен бар жақсылығын ұмытып, өз сұлтаныңа опасыздық жа­садың, бізге де адал боларыңа, сатып кет­пейтініңе сенім жоқ» депті. Сол жерде Қараджа – Қажыпты, басқа да ұлық нөкерлерімен қоса түгелдей бастарын алуға бұйырыпты.
Жувейнидің көрсетуі бойынша, бұл оқиға былайша өрбиді: Қараджа – Қажып жау құрсауын жарып өтіп, қаладан шыға қашпақ болғанда, тышқанның қимылын, шыбынның ызыңын аңдып отырған моңғолдар оны Сұпы – Қан қақпасы алдында тұтқиылдан қолға түсірген. Кейбір зерттеушілер осы деректі алға тартып, қақпаны Қараджа – Қажып ашып берді, сөйтіп, опасыздық жасады деп жазып жүр. Шындығында Қараджа – Қажып қаланы тастап қашпақ болды ма, әлде қақпаны әдейі ашып берді ме – анық-қанығы әлі күнге дейін белгісіз. Белгілісі осы Сұпы – Қан қақпасы арқылы ішке құйылған моңғолдар қамал қорғаушыларын аяусыз қырғынға ұшыратты. Отырар тұрғындары – шал-кемпір, бала-шаға, қатын-қалаш демей әрбір көше, әрбір үй, әрбір мұнара үшін шайқасқа түсті. Алайда күш тең емес еді. Шапқыншылар біртіндеп күш алып, сусыз, нәрсіз, аштықтан әбден қалжыраған отырарлықтар ығыса бастайды. Біраздасын байтақ шаһар тұтасымен қолға түсіп, Иналшық Қайырхан жиырма мың қолымен қисарға – ішкі қамалға шегініп кетеді. Сонан соң не болды дейсіз ғой?.. Моңғолдар Отырардың қырғыннан тірі қалған барлық халқын түгелімен қала сыртына айдап шығып, қан жоса етіп ­турап тастайды. Өздері иесіз қалған қаланы талауға түсіреді.
«Қабырғасы биік әрі бекем қисарға бекінген Қайырханның жиырма мыңдығы қарсылығын бір сәтке де тоқтатпайды. Бұлардың бәрі де арыстан еді, бәрі де бас байлап, ақырғы демі қалғанша өліспей беріспеуге бекінді» деп кейіптейді көне жазбалар. «Олар жаудың қолына түспеу үшін түрлі іс-әрекеттерге барса керек. Бірімен-бірі қоштасып, әр жолы елу-елу адамнан бірігіп, қамалдан атып шығып, алдындағы жауға тап берді, өздері найзаға ілінді, қылышқа шалынды. Сол айқаста өздері де өлім құшты, дұшпандарын да ала кетті». Осылайша, бұрын-соңды болмаған қанды шайқас тұтасымен бір айға созылды, ақырында ұрыс алаңында Қайырхан мен оның екі серігі ғана қалды. Бұл үшеуі қанішер жаудан сонда да қаймықпады, сырт айналып қашпады, одан әрмен арыс­танша айқаса берді. Ақыры моңғолдар қамалдың ішіне басып кірді. Қайырхан екі нөкерімен бірге қисардың төбесіне шығып кетті. Сол арада екі серігі де шейіт болып, енді Қайырхан жалғыздан жалғыз қалды, бірақ бәрібір берілмеді. Сол кезде оған әйелдері мен қыздары көмекке келіп, бұзылған сарай қабырғасынан кірпіш әперіп тұрды, соған қарамай оны дұшпандары қоршап алды. Соның алдында ғана Отырар әкімін өлтірмей, тірідей ұстау жөнінде жарлық түскен еді. Осы кезде қисарға Өкетай мен Шағатай да жеткен болатын. Қараса екі қолына екі қылыш ұстаған Қайырхан өзіне жақындап келе жатқан ханзадаларға тап берді. Оны байқап қалған бір моңғол мергені Қайырханды садақпен атып жаралайды. Бірақ ержүрек Қайырхан сонда да берілмейді, жаралы жолбарыстай ақырып айқаса береді. Алайда әбден әлі құрыған Қайырханның мыңдаған жауға жалғыз шамасы келмей, ақыры тұтқынға түседі, аяқ-қолына ауыр бұғау салынады.
Бұдан соң Қайырханды мойнына қандала кигізіп, сонау Самарқан қаласын қоршап, қанға бөктіріп жатқан Шыңғысханның алдына жеткізеді. Кейбір деректердің көрсетуінше, Шыңғысхан оны Хорезмшахтың резиденциясы болған Көк – Сарайда ауызы мен құлағына балқытылған қорғасын (кейбір жәдігерлерде күміс делінеді) құйып, асқан жауыздықпен азаптап өлтірген.
Мінеки, әйгілі Отырар қорғанысы мен оның қаһарман әкімі Қайырханның өліміне қатысты көне жәдігерлерден жеткен негізгі мағлұматтар осындай. Егер бұдан да анығырақ тәпсірлейтін болсақ, бұл мәліметтер сол кезеңнің әйгілі жылнамашылары Ибн Әл-Асырдың «Кәмил ат – Тәбәрик», Ахмед әл – Нессауидің «Сұлтан Желал-уд-дин Мангибурти», Алай-уд-дин Жувейнидің «Тарих-и-Джихангуша», т.б. араб-парсы және қытай тілінде жазылған еңбектері арқылы жеткен. Олардан кейін жалғас заманда ғұмыр кешкен Рашид-ад-Дин Файзолла Хамаданидің «Жами-ат – тауарих» атты әйгілі еңбегінде мұны сөзбе сөз қайталайды. Одан кейінгі тарихшы-шежірешілердің бәрі, мысалы, Сафи-ад-дин Қойлақи («Насабнаме»), Шараф-ад-дин Әли Язди («Зафарнаме»), Әбілғазы Баһадурхан («Түрік шежіресі»), т.б. ішінара өзгерістерге қарамастан осы нұсқадан ауытқымаған десе болады. Осы таңғажайып ерлік – бес ай сыртқы қамалда, бір ай бойы ішкі қисардағы табанды күресі, қайтпас қайсарлығы Қайырхан даңқын бүкіл әлемге жайды.
Осы жерде бір нәрсені ескерте кеткіміз келеді. Әңгіме тек әйгілі Отырар қаласы­ның даңқты әкімі Қайырхан туралы ғана болып отыр. Яғни біз бұл мақаланы жазғандағы мақсатымыз – Шыңғысханды қаралап, иә, болмаса, Қайырханды ақтау емес, негізінен қазақ жеріндегі отырарлықтардың жанқиярлық ерлігін көрсетіп, отансүйгіштік қасиеттің қандай ұлы сезім екенін паш ету. Сондықтан «Отырар ойраны» туралы сөз болғанда, туғанда «уысына қан шеңгелдеп» өмірге келген, тарихтағы ең атышулы әмірші Шыңғысхан тұлғасын да айналып өте алмаймыз.
Әйгілі моңғол шыңысхантанушысы Эренжен Хара-Даван өзінің «Чингисхан как полководец и его наследие» (Алматы, «Санат», 1992 ж.) деген еңбегінде бұл оқиға туралы былай дейді: «Хорезмшах Мұхаммедтің бұйрығымен Отырарға келген 450 саудагердің өлтірілуі, шын мәнінде Шыңғысханның әріден ойлаған жоспары еді, тек Отырар әкімінің бұл әрекеті оның Батысқа шапқыншылын тездетті». Тарихтың осы кезеңін індете қопарып жүрген зерттеушілер негізінен осы уәжге тоқтайды. Шыңғысхан Батысқа шапқыншылық жорығын бұл оқиға болса да, болмаса да тоқтатпайтын еді дейді олар. Өйткені Моңғол әміршісі бұл жорыққа сақадай сай отырған. Шыңғысхан алдымен кәдуілгі сыннан өткен айлаға басады. Ол қандай айла? Сұлтан Мұхаммедке хат жазып, елшілері мен саудагерлерін өлтірген «опасыз» Қайырханды ұстап, өзіне беруін талап етеді. Ол – ол ма, хатты жеткізгені өз алдына, Моңғол ханының елшілері Хорезмшахтың алдында өздерін тым тәккаппар, менмен ұстайды. Оған қатты ашуланған сұлтан екі сөзге келмес­тен бас елшінің басын алуды бұйырып, ал серігін елден масқаралап қуып шығуды тапсырады. Кейбір зерттеушілердің дәлелдеуінше, «мәселе тіпті де саудагерлерде емес еді, Шыңғысхан жолдаған хаттың мазмұнында болатын» дейді. Өйткені Моңғол әміршісі Хорезмшахқа жазған хаттарында оны «Менің сүйікті ұлым» деп атаған екен. Бұл жайтқа қазақ тарихының үлкен білгірі, жазушы Әбіш Кекілбаев былайша баға береді: «Қайырханның атына батыс тарихшылары тарапынан айтылып жүрген әңгіме – әлі де болса оның баяғыдағы саяси дұшпандары айтқан қаңқудың сарынынан шыға алмаушылық болып табылады… Шыңғысханның біреудің үмбетін жазалауға тырысқаны да халықаралық құқыққа томпақ келетін оғаш қылық еді. Оны мұндай қылыққа итермелеп тұрған, шынына келсек, Қайырхан емес, Шыңғысханның өзі еді. Өзімен дәрежелес падишаға «сүйікті ұлым» деп хат жазған сол еді. Ол әлі жаулап алмай тұрып «бағыныштымысың?» деп басынғандық болатын. Бұл қай дербес мемлекет үшін де заңсыз соғыс ашқанға бар-бар озбырлық саналатын» (Ә.Кекілбаев. «Талайғы Тараз», 2002ж.). Бұл мәліметтен көріп отырғанымыздай, шын мәнінде Шыңғысханның негізгі мақсаты – жарасу, бейбіт келісімге келу, немесе достық қарым-қатынас орнату емес, мемлекет ішіне іріткі салу еді. ­Жалпы мұндай арандатушылық аяр әдісті Шыңғысхан барлық жорықтарының алдында қолданып отырған. Реті келгенде айтып өтетін нәрсе, Шыңғысхан осындай мазмұндағы хатты сұлтан Мұхаммедтің анасы, әлем әйелдерінің падишасы (Худовенд – Жиһан) деген атағы бар – Тұрқан Қатын (Түркен Хатун) мен Хорезм мемлекетінің бас қолбасшысы Әмин Мәлікке да жазғаны белгілі.
Әрине, өзіне сенген әмірші ғана шапқыншылық жорыққа шығады. Сол секілді Шыңғысхан да өзіне сенгендіктен неше түрлі айла-амалды пайдаланғаны сөзсіз. Керек десеңіз соғысқа сылтау табу үшін тіпті өз саудагерлері мен елшілерін жансыздары арқылы өзі қырып ­тастауы да мүмкін деп болжамайтын тарихшылар да бар. Бұл ойды ортағасырлық араб ­тарихшысы Ибн Батутадан ­бастап, ­жазушы Шыңғыс Айтматов, орыс әскери ғалымы М.Иванин, тағы басқалар қуаттайды. Олар Қайырханның 450 саудагерді өлтірмегеніне сенімді, бұл жағдай соғысқа арандату мақсатында әріден ойластырылып, мақсатты түрде жасалған саяси акция дегенді айтады. Ал ұлы жаулаушының өз қаныпезерлігін жасыру үшін, ойдан аңыз құрастырып, мұны «өш алу» жорығы деп атауы әбден мүмкін. Қай дерек дұрыс, қай дерек бұрыс, оның анық-қанығын дәл анықтау бүгінде мүмкін емес. Әйтсе де бір нәрсе анық – алдына қойған мақсатына жету үшін монархтар (шексіз билік иелері) алған бетінен қайтпағаны және ­талай-талай айла-шарғыларға барғаны сөзсіз. Қысқасы, көптеген мамандар: «Шыңғысхан батысқа шапқыншылық жорығын бұл оқиға болса да, болмаса да тоқтатпайтын еді» дейді. Белгілі шыңғысхантанушы И.П.Петрушевский бұл жайт туралы былайша жазғаны бар: «Іс жүзінде бұл соғыстың бастамашысы Шыңғысхан болды. Ол барлық кінәні Хорезмшахқа артып сап, өзін жергілікті мұсылман тұрғындары алдында исламның жауы емес қылып көрсете алатындай етіп әзірлей білді». Бұл уәжге сенбеуге бізде ешқандай негіз жоқ, еріксіз келісесің.
Бір нәрсе анық, Шыңғысхан – күрделі тұлға. Бір қалыпқа сыймайтын, қарама-қайшылығы мол жан-жақты тұлға. Мұндай күрделі тұлғаға бір жақты қарап, баға беру де оңай емес. Айтайын дегеніміз, біз өткен тарихымызға басқыншылардың көзімен қарап, бағалап, түсіндіріп, насихаттау­ды жалғастыра беретін болсақ, түптің түбінде өзімізде сол басқыншылардың өзіне қалай айналып кеткенімізді білмей қалуымыз мүмкін. Сондықтан қазақ тарихын, оның ішінде, әсіресе «Отырар ойранын» жеңімпаз Шыңғысханның көзімен емес, басқыншылыққа қарсы жанкештілік танытқан күрескерлердің көзімен қарап, баға беріп, түсіндіруді үйренуіміз керек деп есептеймін. Аталған мақаланы жазу­дағы негізгі көздеген мақсатымыз да осы.
Жалпы Шыңғысханның пендеші­лігі мен жауыздығын айтып, қаралау біздің бүгінгі мақаламыздың мінде­тіне кірмейтінін жоғарыда айтып өттік. Мұн­­дағы негізгі мақсат – шапқын­шылықпен келген зұлым күшке қаймықпай қарсы тұрған отырарлықтар мен Қайырхандай өшпес ерлік иесін өкше басар ұрпаққа өнеге ету, халық жадында мәңгі қалдыру. Халқымыздың ұлы батырларының бірі ретінде тану, ер тұлғасын паш ету.
Олай болса «Отырар ойраны» және оның қаһарман әкімі Қайырхан туралы сөз еткенде, ел арасында біріне бірі қайшы келетін, кейбір жағдайда бірін-бірі мүлде жоққа шығаратын сан алуан пікірлердің бар екенін айта кетуіміз керек. Екі ұдай мұндай пікірлер әлі де орын алып келеді. Осы сан алуан пікірлердің бас-аяғын жинақтап, басын қосып ой қорытар болсақ, мынадай үлкен екі түрлі тоқтамға тоғысар еді. Біріншілері – Отырардың қақпасын Шыңғысханға қарсыласпай өзі ашып беруі керек еді, сонда байтақ қала талан-таражға түспес еді, ел қырғынға ұшырамас еді, сондықтан «Отырар ойраны» Шыңғысханның емес, Қайырханның қателігі десе, екіншілері – Қайырхан ерлігін – қазақ ерлігінің бір символы ретінде танып, оны елін, жерін сүйген нағыз ержүрек батыр, ұлы патриот деп мақтаныш тұтады.
Ендеше біз осы екі түрлі көзқарастың қайсыбіріне тоқталғанымыз абзал?
Ол үшін біздің әңгімемізге өзек болып отырған Отырар әкімі Қайырханның кім екендігіне қысқаша тоқталып өтейік. Қайырханның өмір сүрген кезеңі шамамен 1165-1220 жылдар аралығына тура келеді. Ол Отырар шаһарында дүниеге келіп, бүкіл саналы ғұмырын Отырар өңірінің гүлденуіне, өсіп-өркендеуіне, тұрғындардың бейбіт өмір сүруіне арнады. Қайырханның өз тұстастарының арасында ерекше қабілет иесі болғанын ол туралы қалам тербеген жылнамашылардың бәрі бірауыздан мойындайды. Оның билік құрған тұсында Отырар ерекше архитектуралық сән-салтанатымен де аты шықты. Кітапхана, медресе, моншалар бой көтеріп, әлемді биік те сәулетті сымбатымен таңғалдырып тұрды. Сондай-ақ ол ішкі және сыртқы тәртіпті қатаң бақылауда ұстады. Өйткені заман талабы солай еді. Әсіресе Отырар шетелдік сау­дагерлер көп түйісетін тоғыз жолдың торабы болғандықтан олармен істейтін қызмет жұмысын одан әрі жетілдіре түсіп, жеке қадағалап отырды. Көне дерек көздерінің көрсетуінше, Қайырхан қажырлы, ержүрек, қайсар, алғыр және әділдігімен аты шыққан адам болған. Ол Отырарға әкім болып бекіген кезеңде жан-жақтан анталаған жаулар – шығыс тұстан қарақытайлар, моңғолдар, оңтүстіктен парсылар, қызылбастар көздерін алартып, үлкен қауіп тудырып тұрған болатын. Осы қауіптің алдын алу үшін қалада әскери гарнизон ұйымдастырып, жасақ санын 30000-ға дейін жеткізіп, қорғаныс жұмыстарын сол кездегі уақыт талабына сай етіп үзбей жетілдіріп отырған. Қылышынан қан тамған ол заманда кез келген күтпеген жағдайға сақадай сай болып тұрмасаң, анталаған жау бас салып, иелігіңді тартып алады. Міне, осындай жоғары өркениеттік деңгейде өмір сүріп жатқан Отырарға Шыңғысхан әскері тұтқиылдан шапқыншылық жасап, күл-талқанын шығарып қиратты. Өкінішке орай, шыңғысханшыл зерттеушілер «көңірсіген иісті» моңғолдардың осынау қазақ тарихының бастауында тұрған Отырар өркениетін күл-талқанын шығарып қиратқанын білмеген, байқамаған, түсінбеген болады. Жоғарғы мәдениетті өлтіргенін мойындамайды. Шындығында, бес қаруы сай Шыңғысханның қазақтың қалың ортасындағы Отырар қаласына тек басқыншылық қара ниетпен келгенін тек тоқмейілсіген тоңмойындар ғана мойындамауы мүмкін екенін еске салып өтсек артық емес. Осылайша, Қайыр­хан басқыншылыққа тап болған елін қорғаймын, зорлық-зомбылықтан құтқарамын деп жүріп ерлікпен қаза тапты.
Ал Отырар қаласы қай кезеңде де (қазір де) қазақтың қалың ортасында жатқан сулы, нулы, шұрайлы жер жаннаты есебінде саналған.
Отырар аймағы – барлық кезеңде шығыстан батысқа, батыстан шығысқа, оңтүстіктен солтүстікке, яки, солтүстіктен оңтүстікке немесе керісінше ағылып жатқан керуен жолдарының тоғысқан, түйіскен жері болды. Мұнда сауда мен қолөнер, ғылым мен білім жоғары деңгейде дамыды. Осы жерден тең-тең жүк артқан керуендер жан-жаққа ағылып жатты. Отырардан шыққан бір жол Шауғарға шығып, одан әрі Жанкентке баратын. Жанкент қаласы отырықшылар мен көшпенділердің мидай болып араласқан жері еді. Екінші бір үлкен жол Сырдария арқылы өтіп, Весидж (Басшы) шаһарына апаратын. Бұл қала шығыстың ұлы ғұлама ғалымы Әбу Насыр әл-Фарабидің туған жері ретінде белгілі. Одан шыққан керуен Сырдарияның жоғарғы жағымен жүріп отырып, Сүткент арқылы Шашқа, одан төменірек Жент шаһарына баратын. Осы жерден Қызылқұм сахарасы арқылы Хорезмге, Үргенішке, одан әрі қарай Еділ бойына шығып, Қапқаз бен Қырымға және Ежелгі Русь қалалары мен Еуропа елдеріне жол тартатын. Жібек жолының Шаштан шыққан бөлігі оңтүстікте Иран, одан әрі Ауғанстан, Үндістан, оңтүстік – батыста Бұқара, Самарқан арқылы Сирия, Мысыр, Бағдат, Византия елдерінің бай қалаларымен байланысып жатты. Шығысқа қарай шыққан үшінші жол Сауран, Тараз, Алмалық арқылы Қытай, Тибет, одан әрі оңтүстік – шығыс елдеріне бағыт алатын. Бір сөзбен Отырар – саяси-экономикалық тұрғыдан да, әскери-стратегиялық тұрғыдан да өте маңызды плацдарм болып, үлкен рөл атқарды. Сондықтан да бұл өңір ұзақ уақыт бойы түрлі мемлекеттердің көз алартқан аймағы, сонымен бірге кімнің кім екенін айқындайтын ұрыс алаңы болып келді. Отырар аймағына кім ие болса Жібек жолының сүбелі бір бөлігі соның бақылауында болды. Ал Жібек жолы деген не? Ол – көл-көсір байлық, миллиондаған қаржы еді. Ал мұндай стратегиялық маңызды плацдармға иелік ету кез келген өзіне сенген монархтың аң­саған арманы болатын. Осындай маңызы зор байтақ қаланы өзіне қаратуды сұңғыла Шыңғысхан армандамады десек, жұм­сартып айтқанда, өтірік болар еді. Кім не десе де, аяр Шыңғысхан ең алдымен осы Сыр бойындағы көл-көсір байлыққа кене­ліп отырған сауда қалаларын, сонымен бірге ең маңызды керуен жолдары өтетін аймақты жаулап алуға ұмтылғаны анық.

Қайырхан кім? Ол тарихта қандай ісімен қалды? Қайырхан есімі әртүрлі тарихи еңбектерде «Отырар ойраны» атанып кеткен және қазақ тарихындағы елеулі оқиғалардың бірі болып табылатын Отырар апатымен тікелей байланысты. Бұл оқиға ХІІI ғасырдың басында қазіргі Орта Азия мен Қазақстанда мекендейтін халықтарды тізе бүктіру үшін Шыңғысхан бастаған қанқұйлы моңғол шапқыншылығына қайсарлықпен қарсы тұрып, ұлы Отырар қаласын 6 ай бойы жауға бермей, жанкештілікпен қорғаған ерендердің ерлігі мен өрлігі жайындағы үлкен хикая.

Енді ойланыңыз: егер Қайырхан бас­таған қаһарман бабаларымыз болмаса, олар Отырардай ұлы қалаларын өлер­мендікпен қорғамаса, сөйтіп ауызбір­ші­ліктің үлгісін көрсетпесе, туған жерді сүюдің, Отанды қорғаудың қандай асыл сезім екенін кейінгілерге өнеге етпесе, қазақ халқының болашағы не болар еді?.. Егер шапқыншылықпен келген жауға қарсы күреспей, қорқақтық танытып, туған қаласының қақпасын айқара ашып берсе, қандай атаққа ілінер еді?.. Сенген еліне сатқындық жасады, сұлтанына опасыздық танытты, адамгершілікті аттап өтті деген жалаға қалар еді. Ол бүкіл қазақтың сүйегіне түскен қара таңба болып ғасырдан-ғасырға жалғасар еді. Оны ешқашан ештеңемен жуып кетіре алмас едік. Ендеше, айтыңызшы, осындай ­бейопа атақ бізге керек пе?..
Кейбір түсінгісі келмейтін тоғышарлар үшін Қайырханның бұл ісі мәнсіз, мағынасыз көрінуі әбден мүмкін. Шындығында, оның ұлылығы да осында емес пе – ол істегенді екінің бірі істей алмайтындығында. Ол ақиқат жолындағы шындық үшін жалған дүниемен, жасампаздық үшін жауыздықпен, адамгершілік үшін қара ниетпен, асқақ арман үшін тоғышарлықпен айқасқа түсті. Түсінгенге, бұл теңдессіз ерлік. Жүрек жұтқандық! Қайырхан ерлігі бізге сол үшін де қадірлі. Расында, Қайырхан ол ерлікті істегенде Хорезм үшін емес (Мұхаммед сұлтанды сөз етпесек те болады), Отаны, өзіне сенім артып отырған елі үшін, келесі келетін ұрпақ алдында жерге қарамау үшін істеді. Өнеге ме? Өнеге. Өнеге болғанда қандай!.. Реті келгенде айтып өтейік, оның жасаған ерлік ісі арадан мың жыл өтсе де әлі күнге дейін күн тәртібінен түскен жоқ. Қайта қазіргі көптеген әкімдердің бойында сондай бір ерекше қасиет жетіспей тұрғандай көрінетіні бар кейде. Ендеше, Қайырхан тұлғасын қайдағы бір жел сөзге байлап беріп, құлдық ой-танымға тұтқын қылуға болмайды. Қайырханның ерлігі әшейін бір жайшылықта айтыла салатын көпірме сөз де емес, ол қайшылықта туған символ. Ол – жай ойната келген басқыншылыққа қарсы сүйіспеншілікке толы кеудесін қаймықпай тосқан мәңгілік күрестің ұлы қаһарманы. Ол жасаған ерлік істі жаһандану идеясының тұтқынында қалған біздің замандастарымыздың бәрі бірдей қабылдай бермеуі сондықтан.
Біздіңше, Қайырханның іс-әрекеті Отан мен осы жерді Отаным деп санайтын және солай екендігіне сенген адамдардың алдындағы өз жаупкершілігін сезінудің жарқын үлгісі. Ерлік үлгісін мақтаныш ету бізге парыз ғана емес, міндет болуы керек. Олай болса, нағыз отанқорғаушының ерен ерлігі неге ескерілмейді? Отырар қазақтың қаласы болса, ұлы Отырардан шыққан әлемнің ұстазы (екінші емес екенін ескертемін!) Әбу Насыр әл-Фараби қазақтың ғұламасы болса, онда осы Отырардан шыққан, Отырарды соңғы демі қалғанша өліспей беріспей қорғаған арыс­тан жүректі қаһарман бабамыз Қайырхан неге қазақтың ұлттық батыры ретінде ұлықтамайды? Оның еңселі ескерткіші өзі жаудан қорғаған киелі өлкенің төрінде неге асқақтап тұрмайды? Егер қазақ тарихында елеулі із қалдырған тұлғаларымызды танытуға дәл осылай құлықсыздыққа жол беріле беретін болса, елдің елдігі, биліктің биліктігі қайда демей ме жұрт?..
Әгерәки, Қайырхан сонау ХІІІ ғасырда жасаған сол жанкешті ерлігін дәл бүгінгі күні жасағанда, не болар еді деп ойлаймын кейде. Сөз жоқ, жер-көкке сыйғызбай мақтап, мадақтап, қоладан биік етіп ескерткіш тұрғызып, көшелер мен мекемелерге есімін беріп, аспандатып қояр едік.
Қалай десек те, Қайырхан – өлу арқылы өлмеуді паш еткен сирек тұлға. Өлім – жеңілу емес, өлім – жеңіске жетудің де құралы бола алатынын дәлелдеген ер. Ол өз Отанының алдында перзенттік адалдығын ақырына дейін сақтаған нағыз патриот ретінде тарихтан өз орнын ойып тұрып алған батыр.
Сондықтан Қайырханнан опасыз, саясаттан хабары жоқ нақұрыс жасаудың керегі жоқ. Қайта оның ерлік тұлғасы – отаншылдықтың ең жоғарғы көрсеткіші ретінде кейінгілерге үлгі етілуі керек. Өз халқының нағыз ержүрек қаһарманы ретінде дәріптелуі тиіс.
Бір нәрсе анық, 1220 жылы аса қатыгездікпен азаптап өлтірілген Қайырхан енді тірілмейді. Бірақ селдей қаптаған басқыншылыққа қайыспай қарсы тұрған қаһарман ұлдың ерлігі, оның өршіл рухы әлі тірі жүр. Яғни оның рухы мен тарихи тұлғасын қайта тірілтуге болады. Ондай мүмкіндік бізде бар. Олай болса қазақ тарихында елеулі орны бар көптеген шежірелерде «Отырар ойраны» атанып кеткен Отырар апатының орын алғанына және туған жерін сүюдің, Отанын қорғаудың ерен үлгісін көрсеткен Қайырханның айуандықпен өлтірілгендігінің, яғни опат болғандығының 800 жылдығында (апат 1220 жылы орын алған) сол бір ерлік рухты ұрпаққа паш етіп тұратын бір зәулім ескерткіш асқақтап тұрса нұр үстіне нұр болар еді. Бүкіл қазақтың абыройы асып, даңқы артар еді. Себебі Қайырхан бір рудың, бір тайпаның батыры емес, бүкіл қазақ нәсілінің ортақ қаһарманы. Ал әзірге батыр бабамызға қатысты бүкіл іс қолында билігі бар әкім-қаралардың ықылас пейілі мен қолында, қаржысы бар азаматтардың патша көңілі мен жанашырлығына тіреулі тұр. Әрине, игілікті іс жалғасын табады, түптің түбінде әділет жеңеді, ақиқат мұратына жетеді – оған ешкімнің күмәні болмауы тиіс.

Болат ШАРАХЫМБАЙ

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Close