Бауырластық бастауы

Елбасының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты биылғы Жолдауында айтылған келелі мәселелер қоғамымызда кеңінен талқылануда. Былтыр Президенттің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы да қоғамда серпіліс туғызды. Бұл орайда Түркияның белгілі тілші-әдебиеттанушы ғалымы Ахмет Бижан Ержыласұнның екі ел арасындағы рухани-мәдени бай­ланыстар төңірегінде жазған мақаласын оқырман қауым назарына ұсынуды жөн көрдік. Мақаланы қазақ тіліне тәржімалаған әл-Фараби атын­дағы Қазақ Ұлттық университеті шығыстану факуль­тетінің доценті Ерғали Есбосын.

Сонау 1960 жылдардың бас кезінде лицейде білім алып жүрген жас шәкірт ретінде жалпы түркі әлеміне деген қызығушылығым ерекше болатын. Бірде Измирдің жанындағы Салихли деген ауылда қазақтар бар дегенді естіп, аталған ауылды өз көзіммен көріп қайту үшін жолға шықтым. Орта Азиядағы азаматтардың бет-әлпеті Күлтегін, Білге қаған сияқты деп ойлайтынмын. Жаңылмаппын, Салихлидегі қазақтардың келбеті­нен сол ұлы тұлғаларға деген ұқсастықты байқадым. Олар мен үшін кешегі Түркі қағанатының айбатты да те­геу­рінді адамдарындай болып көрінді. Әлибек Хәкім есімді қазақпен таныстым. Әлибек Хәкім Қытайдан Түркияға қоныс аударған қазақтар көшін бастап келген азамат екен. Қазақтар ұсынған қазы-қартадан дәм татып, тұңғыш рет қымыз сусынын іштім. Сол сәттен бастап менің бойымда қазақтардың өміріне, салт-дәстүрі мен дүниетанымына деген қы­зығушылығым арта түсті.
«Түркістан – екі дүние есігі ғой, Түркістан – ер түріктің бесігі ғой» деп жырлаған Мағжан туралы кітапты да оқып шыққан едім. Кітапты қоғам қайраткері Хасен Оралтай жазған екен. Жүректен-жүрекке жеткен өлең жолдары ­санамда жатталып қалыпты.
Кейіннен ғылым жолына түсіп, аспирантурада оқып жүрген ша­ғымда Карс аймағы тұрғында­рының диа­лек­тісі туралы диссертация жаздым. Әзербайжан тілі мен Карс диалектісін салыстыра зерттеу үшін кириллицаны да үйрендім.
1971 жылы докторлық диссер­тациямды қорғаған соң Анкара қаласындағы Хажеттепе уни­верси­тетіне жұмысқа тұрдым. Осы қалада жүріп Ұядан Ақай есімді қазақ ақсақалымен танысып, жақсы араласып кеттік. Бірде Нийде маңын­дағы Алтай ауылы мен Салихлиге қайта жол түсті. Сапар барысында жергілікті қазақтармен әңгімелесіп, өзіме қажетті мәліметтерді қойын дәптеріме түртіп алып отырдым. «Қазақтардың арасында…» деген тақырыптағы мақалам «Төре» журналында жарық көрді. Онда мен жалпы қазақтар туралы, олардың өмір салты жайында мәліметтер бердім.
Ғалым болғаннан кейін өзіңнің зерттеу жұмыстарыңа байланыс­ты шетелге іссапарларға көп шы­ғамыз… 1976 жылы АҚШ-тың ­Вашингтон университетінде болдым. Оқу орнының кітапханасында күт­пеген жерден қазақтың көрнекті жазушысы Мұхтар Әуезовтың «Абай жолы» эпопеясын кезіктірдім. Оқып түсінуге тырыстым. Абай өлеңдерімен де алғаш рет таныстым. Ақын жырлары маған ерекше әсер етті. ­Бейне бір ұлы даланың дауысындай, әсем ырғағындай елестеді. Қазақтар әлеміне тереңірек бойлай баста­дым. Қолыма ­«Алпамыс» атты күйта­бақ тиді. Күйтабақты қайта-қайта тыңдаудан жалықпадым. Оқылған шығармадан қатты әсер алдым.

Менің қазақтарды тануым осылай басталған еді. Бұл бағытта көптеген шығармашылық байланыстарды атап өтуге болады. Әрқайсысы өзінің жемісін, нәтижесін берді. Гази университетінде Түркітану кафедрасының меңгерушісі ­болып жүрген кезімде де түркі әлеміне қатысты дүниелерді кеңінен ­зерттеуге мүмкіндік туды. Шәкіртім ­Ферхат Тамирдың дипломдық тақырыбы қа­зақтың ханы Абылай туралы болатын. Осы тақырыпты зерттеу барысында ол да қазақ тілін үйреніп алды. Әрі қарай «Баркөл қазақтары тілінің диалектілік ерекшеліктері» деген тақырыпта магистрлық жұмыс дайындады. Докторлық тақырыбын Мағжан Жұмабайұлының шығармашылығымен байланыстырды. Ақынның бірқатар өлеңдерін жаттап алып, Түркияда тұңғыш рет Мағжан есімін ­насихаттап, өлеңдерін жариялады. Сол жылдары Алматыдан төте жазумен шығатын бір газет алып тұратынмын. Қазақ тілін үйренгісі келетін жастарға осы басылымды беретінмін. Осылайша қазақ елімен де қарым-қатынасымыз нығая түсті.
Қазақстанда ұйымдастырылған ғылыми конференцияларға шақырту алдым. Бірі – Қожа Ахмет Ясауиге арналған конференция Түркістан шаһарында, екіншісі – көнетүркі ескерткіштеріне арналған алқалы жиын Алматы қаласында өтті. Бұл Кеңес Одағы құламаған кез болатын. Дінге де, түркологияға да ресми түрде тыйым салынған кез еді. Екі шараның өткізілуіне мұрындық болған – Ерден Қажыбек есімді жас ғалым болатын. Аталған жиындардан көптеген пайдалы мағлұматтар алып, түркітанушылармен танысып, тәжірибе алмастық. 1991 жылы Ерден Қажыбек екеуміз бірлесіп «Түркі тілдерінің салыстырмалы сөздігі» атты еңбекті дайындадық.
Бұл ретте айтайын дегенім, қазақ ғалымдарымен ғылыми-шығармашылық бағыттағы жұмыстарымыз сан-салалы бағытта өрбіді. Латын әліпбиі туралы кеңінен сөз болды. Мұндай мәселелер «Қазіргі түркі елдері әліпбиі» симпозиумында кеңінен талқыланды. Түркі елдерінен көптеген тілші-әдебиетші ғалымдар келді. Үш күн бойы қызу пікірталас болды. ­Ойымыз – бүкіл түркілерге әрі ортақ, әрі практикалық тұрғыда қолайлы әліпби табу. Түркия елінің әліпбиі 29 қаріпті, ал кейбір түркілерде е/ә тектес қосарланған дыбыстары бар. Ал қайсыбірінде қ дыбысы бар. Бұған 29 қаріптен тыс һ, ұ, және ң дыбысы бар түркілерді қосыңыз… Сонымен үздіксіз жұмыс нәтижесінде дүйім түркі жұртына ортақ 34 қаріптік ортақ түркі әліпбиінің сұлбасы көрінгендей болды. Әрбір түркі елі өзіне тиесілі тән әріп/дыбыс таңбасын осы 34 қаріптің ішінен таңдап алатын болып шештік. Тіпті аздаған принциптік қағидамыз да жоқ емес-ті: әрбір дыбыс/таңба жүйесі бүкіл түркі елдерінің жазылу/айтылу нормасына сәйкес келсін. Басқа бір принциптік көзқарасымыз – аталмыш әліпбиді қандай да елге тиесілі етпеу және ғылыми әлеуеттің ұсынысы деп қана қабылдау. Әрбір тәуелсіз республика өз әліпбиін таңдауда өз ықтиярлығы өзінде болуы қажет. Біз ғылыми қауым болып өз ұсынысымызды айттық және ғылыми тұрғыда дәлелдедік. Бірнеше айдың соңын ала келе Әзербайжан осы әліпбиді жөн деп тауып, ресми түрде қабылдады. ­Алайда ә дыбысының ӓ түрінде таңбалануын қабылдамаймыз деді де, қазіргі қазақшаға ұқсатып ә түрінде қабылдады. 1993 жылы Түркіменстан да аталмыш әліпбиге ұқсас әліпбиді қабылдады. Ал Өзбекстан басқаша жол таңдап, басқаша таңбалауды жөн деп шешті. Бұл кешегі өзіміз куә болған тарихи жағдайлар еді… Енді бүгінгі және ертеңгі күн талаптарымен ұштасатын мәселелерге де мән беруіміз керек.
Жалпы айтқанда, біз Қазақстанды түркі әлемінің темірқазығындай көреміз. Қазақ мемлекеті шынайы Темірқазыққа ұқсап солтүстікте тұрып, оңтүстіктегі бауырлас елдерімен байланыс жасауды назардан тыс қалдырған емес. Бұған қоса тәуелсіздіктің ұшқыны Қазақ елінен тұтанған еді. Ұлы Даланың еркіндігін аңсаған қазақтың ұл-қыздары Желтоқсан оқиғасымен басқа бауырлас елдерге, дүйім түркі жұртына үлгі көрсетіп, жол сілтегендей болды. Қазіргі түрік тілінде «қазақ» сөзінің түп мәні «тәуелсіз, дербес, еркін» мағынасына ие, бұл да бекер болмаса керек.
Қазақстан мен қазақ жұртына үлкен үмітпен қарауымыз өте орынды және табиғи үрдіс. Түркілерге ортақ аталарымызды іздеуді қазақтар бастады. Алғашында Ғұбайдолла Айдаров, кейінірек Алтай ­Аманжолов Қазақстанда Түркі қағанатының балбалтастары ­туралы ғылыми еңбек жария­лады. Іле-шала ­Мырзатай ­Жолдасбеков аталмыш ескерткіштердің мәтінін әдеби тұрғыда зерттеудің жолын іздеді. Моңғолиядағы қазақтар да қалыс қалмады. Бұхатын Базылхан мен Қаржаубай Сартқожаұлы көнетүркі руникалық жазба ескерткіштерінің әлем бойынша санаулы мамандары болды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев түркі ескерткіштеріне ұдайы көңіл бөлді. Қазақ ғалымдары Моңғолияға ғылыми іссапармен барып, ал ол жақтағы әріптестер Астанаға келді. Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің қақ төріндегі Күлтегін ескерткіші сол бір түркі заманынан келгендей – өз сәнімен, өз айбатымен қазақтың ұлы даласынан төрткүл түркі еліне, атқамінер азаматтарына қарап тұрғандай әсер қалдырады…Түркітанушылардың еңбегінің ізденісі арқасында көптеген тақырыптар зерттелді. Ғылыми мәселелер қозғалды. Соның бәрі ортақ мұралардың қыр-сырын танып білуде үлкен даңғыл жол ашты деп есептеймін.
Президент Нұрсұлтан Назарбаев әлемдік дәрежедегі саясаткер. Қазақстанның Тәуелсіздік жылдарында алдымен эконо­микалық дамуға жете мән берілгенін білеміз. Осындай реформалардың нәтижесінде Қазақстан алға қарай серпінді қадамдар жасады. «Қазақстан – 2030», «Қазақстан – 2050» Стратегиялық бағдарла­малары қабылданды. Президенттің ­«Бо­лашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағ­дарламалалық мақаласы да рухани-мәдени мұраларды жаңғыртуда ерекше орын алды. Назарбаев айтқандай, ұлы мақсатқа жету үшін әрдайым басты құндылығымыз білім мен парасаттылық болуы керек. Бұлар біртіндеп, сатылап іске асуда. Ұлттық мәдениет пен ұлттық ой-сана ­заманауи талаптарға жауап бере алуы қажет. Біріншіден, ел экономикасы тұрақты ­дамып, әлеуметтік күш-қуат пайда болады, әрі қарай рухани ой-сана мен мәдени жаңғыру қолға алынады. Себебі халықтың санасы өзгеруі керек, рухани жаңғыруды қолдайтын негізгі күш халықтың өзі болуға тиіс.
Сарыарқа төсінде бой көтерген Астана қаласы жайында да көп айтуға болады. Астана – ХХІ ғасырға нық сеніммен қарайтын, қарышты қадамдармен ілгерлейтін шаһарға айналды. Қысқа мерзімнің ішінде ғажайып қала өмірге келді. Біз әлемде сән-көркімен танымал қалаларды білеміз, ал Астананың түркі дүниесі үшін маңызы да, мағынасы да ерекше деп ойлаймын.
Қазақстан көпвекторлы саясат ұстанып келе жатқан ел ретінде танымал. Әлемдегі бейбітшілікті жақтайтын мемлекет ретінде бұл бағытта көп мәселелердің шешілуіне үлес қосып келеді. Түркі елдерімен де қарым-қатынасы жақсы. Әріптестік байланысты орнатқан мемлекеттердің барлығына тең көзқарас танытып, салиқалы да, сарабдал саясат ұстануымен ерекшеленеді. Бұл – қазақ елінің, оның көшбасында тұрған Елбасының таңдаған жолы деп білемін.
Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен қолға алынған «Болашақ» бағдарламасының негізінде қазақстандық жастар әлемнің үздік университеттерінде білім алып, сол алған білімдерінің негізінде елдің дамуына өз үлестерін қосуда. «Болашақ» бағдарламасы әріден ойлайтын ұлт көшбасшысының көрегенді шешімі болды. АҚШ, Канада, Қытай, Еуропа елдерінің алдыңғы қатарлы оқу орындарында біліктіліктерін шыңдаған жастар өз саласында үлкен жетістіктерге қол жеткізді.
Әлбетте әлемдік деңгейдегі үдеріс пен өзгеріс те алаңдатпай қоймайды. Бұған да мойын бұрып, бағыт-бағдары мен салмағын межелеп қойған жөн. Заманауи сұранысқа жауап бере алатын ұлттық код жасақтау қажет. Ол үшін ұлттық ой-сананы жаңғыртып қана қоймай жаңалау, ұштай түсу керектігі сезіледі. Ол өткен мен осы күнді және болашақты бір-бірімен байланыстыратын күрмеуі көп бағыт-бағдар болады. Ұлттық құндылықты әспеттей отырып, жалпыадамзаттық құндылықты да қаперден шығармау қажет. Әртүрлі ғылым саласындағы 100 кітап әлем тілдерінен қазақшаға аударылатыны да, қазақ тілінің латын әліпбиіне көшетіні де елдің одан әрі дамуына серпіліс әкелетініне сенемін.
Қазақстан түркі әлемінің ең көне қазыналарына ие ел. Ең көне түркі жазуы Есік Қорғанынан шыққан. Алтын Адамның бейітінен табылған құтыдағы 26 қаріптік таңба түркі әлемінің ең көне жазу-сызбасы. Қазақ ғалымдары осы жазуды көне түркі тілі деп танып, әлемге солай паш етті. Мен осы жазуды оқып, сұрыптап-сараладым, пікірімді білдірдім. Мырзатай Жолдасбековтың 80 жылдық мерейтойында Астанаға барып, баяндама жасадым. Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті ғылыми жинақ шығарды. Біздің заманымызға дейінгі дәуірде төрт ғасыр бұрын дүниеге келген Алтын Адам дүйім түркі жұртының ортақ мұрасы, рухани байлығы болып саналады. Қазақ ғалымдарымен қоса мен де осы пікірді қолдадым, соны жария еттік. Бұл пікір қазақ көшбасшысының басшылығымен жүріп жатқан ұлттық мәдени іс-шаралар­дың төрінен орын алып, Есік Қорғаны зерттеулері одан әрі байи түседі, мазмұндық тақырыбы кеңейе түсіп, жалғасын табады деп ойлаймын және соған сенемін.
Кезіндегі Түрік Қағанаты заманы, Қарахандық дәуірі аталарымыздан қалған «Диван-и Лұғат-ит Түрк», Түркістан қаласында өмір сүрген Қожа Ахмет Ясауи және оның «Хикметтері», «Оғыз Қаған» дастаны, Қорқыт Ата, «Алпамыс батыр» жыры – бәрі-бәрі қазаққа тән, түркі дүниесіне ортақ жәдіргерлер. Ал бұл өз кезегінде, әлемге мақтан етерлік мәдени байлығымыз, материалдық емес құндылығымыздың эталоны.
Қорыта айтқанда, түркітілдес ­ха­­­­лық­­тар­дың ынтымақтастыққа негіздел­ген байланыстары жылдан-жылға нығайып келеді. Рухани-мәдени саладағы әріптестік қарым-қатынастарымыз осының айқын дәлелі.

Ахмет ЕржыласҰн,
түркітанушы, профессор

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Close